Жаңа кен орындарын іздеу: Қазақстан бұрғылау көлемін арттырады
Бұл ретте мұнай-газ әлеуеті жоғары, бірақ аз зерттелген шөгінді бассейндерге ерекше назар аударылмақ.
Қазақстанда 2027-2028 жылдары жаңа кен орындарын іздеу мақсатында жыл сайын 120 барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланып отыр. Ал 2026 жылы барлау-бағалау бұрғылауының көлемі шамамен 80 ұңғыманы құрауы мүмкін.
Бұл туралы Атырауда өткен KAZDRILLING конференциясында Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұрғылау көлемін арттыру жаңа кен орындарын ашуға және елдің ресурстық базасын толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте мұнай-газ әлеуеті жоғары, бірақ аз зерттелген шөгінді бассейндерге ерекше назар аударылмақ.
Мұндай учаскелерді беру тәртібі де жеңілдетілген. Өтінім түскеннен кейін министрлік 10 жұмыс күні ішінде аукцион өткізеді. Ал алғашқы үш жылда учаске аумағының кемінде 30%-ында сейсмикалық барлау жүргізіліп, кейін барлау ұңғымалары бұрғылануы тиіс.
Сондай-ақ отандық өндірісті дамытуға басымдық берілуде. Қазір Қазақстанда бұрғылау саласына қажетті бірқатар жабдық өндіріледі.
«Нәтижесінде жаңа геологиялық ашылымдар жасалып, қорлар толықтырылып, отандық өндіріс дамып, білікті жұмыс орындары құрылып, салық түсімдері артуы тиіс», – деді Ерлан Акбаров.