Жаңа ереже: "Рассрочка" мен бірден төлеу бағасы ашық көрсетіледі
Үкімет пен қаржы реттеушісі маркетплейстер мен бөлшек сауда орындарына арналған жаңа талаптарды дайындап жатыр. Бұдан былай барлық жерде екі түрлі баға – "бірден төлеу" және "бөліп төлеу" құны міндетті түрде көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметте өткен баспасөз брифингінде белгілі болғандай, сондай-ақ комиссиялар мен қосымша төлемдерге шектеу қою жоспарланып отыр. Қазір маркетплейстердің комиссиясы 25%-ға дейін жетеді, бұл тауардың түпкі бағасына тікелей әсер етеді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қазіргі жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Оның айтуынша, сатушы маркетплейске тауар орналастырған кезде толық төлемді алады және сатып алушының тауарды қалай төлегенін: қолма-қол, кредитпен немесе бөліп төлеу өтегені туралы білмейді. Ал платформалар 5%-дан 25%-ға дейін комиссия ұстайды, бұл бағаның қымбаттауына әкеледі.
Айта кету керек, сатушы төлемді алған сәтте тауардың қандай әдіспен төленгенін білмейді. Ал сатып алушы “бөліп төлеу”, “жеңілдік”, “қолма-қол төлеу бағасы” дегендерді көреді, бірақ бұл бағаның қалай қалыптасқанын әрдайым түсіне бермейді. Бәсекелестікті арттыру және сатушылар мен сатып алушылар үшін ашықтықты қамтамасыз ету тұрғысынан, егер тауар бөліп төлеуге сатылса, маркетплейстер екі бағаны да көрсетуі керек: пайыздық үстемені қоса көрсететін түсінікті баға болуы тиіс деп есептейміз, – деді Мәдина Әбілқасымова.
Вице-премьер Серік Жұманғарин де түсініктеме беріп, тауар бөліп сатылса, заңда белгіленген шектен артық қосымша төлем болмауы керегін атап өтті.
Кредиттер бойынша максималды пайыздық мөлшерлеме белгіленген. Егер комиссия кредит қаражаты есебінен қалыптасса, ол белгіленген нормативтерден аспауға тиіс, – деді Серік Жұманғарин.
Ол сонымен бірге техника дүкендерінде жиі қолданылатын басқа тәсілді де еске салды: сатушы бөліп төлеу құнын алдын ала өзі қосып, бағаны 15–20%-ға көтереді. Бұрын екі бағаны қатар көрсетуге тыйым салынғандықтан, қолма-қол төлейтін сатып алушылар да артық ақша шығаруға мәжбүр. Енді баға міндетті түрде бөлінеді: бірден төлеу құны және бөліп төлеу бағасы, сонымен бірге нақты қанша қосымша төлем бар екені көрсетіледі.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те BNPL (Buy Now, Pay Later) тетігіне назар аударды. Ол бұл құралдың жаңа әрі қарқынды таралып жатқанын, ал оны реттеудің дайын үлгісі әзірге ешбір елде жоқ екенін айтты.
Тұтынушылардың құқын қорғау, шарттардың ашық көрсетілуі және қарыздық жүктемені дұрыс есептеу қамтамасыз етілуі керек. Бөліп төлеу – несие секілді қаржылық міндеттеме, сондықтан оны да тәуекелді бағалауда ескеру қажет, – деді Тимур Сүлейменов.
Бұған қоса, Үкімет пен Агенттік шекті мөлшерлемелерді есептеу әдістемесін жаңартуды жоспарлап отыр. Жаңа тәсіл нақты тәуекелдерді: бастапқы жарнаның көлемін, бөліп төлеу мерзімін және несие сомасының тауар құнына арақатынасын (LTV) ескеретін болады.