Жаңа ереже: Қазақстанда салық берешегін өндіріп алу тәртібі өзгереді
19 қазаннан бастап салық берешегін өндіріп алу тәртібі мен оған шағымдану ережелері өзгереді.
Қазақстанда жеке тұлғалардың салық берешегін өндіріп алу кезінде қолданылатын құжаттар жаңартылады. Қаржы министрлігі бекіткен жаңа нысандар мен шағымдану тәртібіне қатысты өзгерістер 2026 жылғы 19 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Uchet.kz таратқан мәліметке сәйкес, жаңартулар Қаржы министрлігінің 2025 жылғы 29 қыркүйектегі бұйрығына енгізілген. Атап айтқанда, салық берешегін өтеу туралы хабарламаның және берешекті өндіріп алуға арналған салықтық өкімнің нысандары қайта қаралды. Сонымен бірге азаматтардың осы құжаттарға шағым беру тәртібі нақтыланды.
Салық органдарының шешіміне қалай шағымдануға болады?
Жаңа тәртіпке сәйкес, азаматтар салық берешегін өтеу туралы хабарламамен немесе оны өндіріп алу жөніндегі салықтық өкіммен келіспеген жағдайда, жоғары тұрған мемлекеттік кірістер органына шағым түсіре алады. Ол үшін құжат табыс етілген күннен бастап үш ай мерзім беріледі.
Шағымды құжатты рәсімдеген мемлекеттік кірістер органы арқылы жолдау қажет. Бұл рәсім Қазақстанның Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік кірістер органы шағымды қабылдағаннан кейін оны әкімшілік істің материалдарымен бірге үш жұмыс күні ішінде жоғары тұрған органға жіберуге тиіс. Алайда орган өтініш берушінің талаптарын толық қанағаттандыратын шешімді өзі қабылдаса, шағымды басқа инстанцияға жолдау талап етілмейді.
Бұдан бөлек, азаматтардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Бұл ретте Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте белгіленген тәртіп пен мерзімдерді сақтау қажет.
Бұрынғы құжат нысандарында шағымдану мәселесі Салық кодексінің 199 және 200-баптарына сілтеме жасау арқылы көрсетілген. Ол ережелер мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің әрекеттері мен әрекетсіздігіне қатысты болған.
Салық берешегі қашан мәжбүрлеп өндіріп алуға жіберіледі?
Берешекті өндіріп алу шаралары оның мөлшері мен төлеу мерзіміне байланысты қолданылады.
Салық кодексінің 190-бабында көзделген талаптарға сәйкес, жеке тұлғаның салық берешегі тиісті жылдың 1 қаңтарында белгіленген бір айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асып, хабарлама табыс етілгеннен кейін 30 жұмыс күні ішінде өтелмесе, салықтық өкім шығарылады.
Егер азамат осы өкімді орындамаса, мемлекеттік кірістер органы құжатты мәжбүрлеп орындатуға жіберуге міндетті. Бұл әрекет салықтық өкім табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылуы керек.
Мәжбүрлеп орындатуға арналған құжат аумақтық әділет органдарына немесе жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жолданады.
Жаңартылған құжаттарда қандай деректер болады?
Салық берешегін өтеу туралы хабарламаның жаңа нысанында салық төлеуші туралы негізгі мәліметтер көрсетіледі. Олардың қатарына азаматтың тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) және мекенжайы кіреді.
Берешек сомасы әрбір салық түрі бойынша жеке көрсетіледі. Құжатта төлемнің атауы, бюджеттік сыныптама коды, негізгі қарыз сомасы және есептелген өсімпұл туралы ақпарат беріледі. Негізгі берешек 911 төлем мақсатының кодымен, ал өсімпұл 912 кодымен белгіленеді.
Сонымен қатар төлем жасауға қажетті мемлекеттік кірістер органының банк деректемелері жазылады. Атап айтқанда, құжатта органның бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН), банк атауы және алушының банктік сәйкестендіру коды (БСК) көрсетіледі.
Хабарламада салық төлеу мерзімі бұзылған жағдайда, әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептелетіні туралы ескерту де болады. Өсімпұл Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген шамасы негізінде есептеледі. Есептеу салық төлеудің белгіленген мерзімінен кейінгі күннен басталады.
Салықтық өкімнің нысанында құжаттың азаматқа табыс етілген күні, сондай-ақ бұған дейін жіберілген хабарламаның нөмірі мен күні көрсетіледі. Мемлекеттік кірістер органдарының автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы жасалған құжаттар тиісті жүйенің электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) куәландырылады.
Қаржы министрлігі бекіткен жаңартылған құжат нысандары мен оларға қатысты өзгерістер 2026 жылғы 19 қазаннан бастап күшіне енеді.