23 Қараша 2026, 12:53
Фото: ©BAQ.KZ архиві
Жаңа Азаматтық кодекс азаматтық дауларды азайтуға қалай әсер етеді? – сарапшы пікірі
Жаңа Азаматтық кодекс: мәмілелерді жасау және оларды жарамсыз деп тану кезіндегі құқықтық айқындық.
ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері Дархан Төкеев Жаңа Азаматтық кодекс азаматтық дауларды азайтуға қалай әсер ететіні туралы пікір білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі бастамасын қолдаймын. Алдағы кодификацияның маңызды бағыттарының бірі мәмілелерді құқықтық реттеуді және оларды жарамсыз деп танудың құқықтық салдарын жетілдіру болуға тиіс деп есептеймін. Мәміле — азаматтық айналымның негізгі құқықтық құралдарының бірі. Ол арқылы азаматтар мен ұйымдар азаматтық құқықтар мен міндеттерге ие болады, оларды өзгертеді және тоқтатады. Сондықтан мәмілелердің жарамдылығына қатысты нормалар заңсыз немесе жосықсыз әрекеттерден қорғаумен қатар, қалыптасқан құқықтық қатынастардың тұрақтылығын да қамтамасыз етуі қажет. Бұл ретте заңнама талаптарының бұзылуы мәміленің жарамсыздығына әкеп соғуға тиіс жағдайлар мен құқықтық салдары анағұрлым жеңіл болатын, бұзушылықтарды түзетуге мүмкіндік беретін жағдайларды нақты ажырату маңызды. Жарамсыздық негіздерін бұзушылықтың сипатын, тараптардың мінез-құлқын және нақты құқықтық салдарын бағаламай, формалды түрде қолдану қалыптасқан мүліктік қатынастардың негізсіз бұзылуына алып келуі мүмкін, - деді сарапшы.
Маманның айтуынша, мәмілелердің жарамсыздығы институтын неғұрлым нақты әрі жүйелі реттеу құқықтық айқындықты нығайтуға, азаматтық-құқықтық даулардың санын азайтуға және азаматтар мен бизнестің өз құқықтарын қорғау тетіктеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа Кодексті әзірлеу кезінде мөлшерлестік, адалдық және азаматтық айналымға қатысушылардың заңды мүдделерін қорғау қағидаттарының бірізді қолданылуын қамтамасыз ету қажет. Мәмілені жарамсыз деп танудың құқықтық салдары алдын ала болжамды болуға, ал алынған мүлікті қайтару және келтірілген зиянды өтеу тетіктері нақты құқықтық қатынастың мән-жайларын ескеруге тиіс. Мәмілелердің жарамсыздығы институтын неғұрлым нақты әрі жүйелі реттеу құқықтық айқындықты нығайтуға, азаматтық-құқықтық даулардың санын азайтуға және азаматтар мен бизнестің өз құқықтарын қорғау тетіктеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді деп санаймын, - деді заңгер.