Жаңа Азаматтық кодекс: Азаматтардың мүлкі мен цифрлық құқығы қалай қорғалады
Жаңа Азаматтық кодекс цифрлық мүлікті қорғау, жасанды интеллект пен онлайн-келісімшарттарға қатысты құқықтық жауапкершілікті нақтылауы мүмкін.
Қазақстанда Азаматтық кодекстің жаңа редакциясын әзірлеу мәселесі талқыланып жатыр. Қолданыстағы құжат нарықтық экономиканың қалыптасуына негіз болғанымен, соңғы отыз жылда қоғам, технология және экономикалық қатынастар айтарлықтай өзгерді. Енді заңнама азаматтардың мүлкін қорғау, цифрлық активтерге құқықты белгілеу, жасанды интеллект пен электронды келісімшарттарға қатысты жауапкершілікті реттеу талаптарына бейімделуі керек. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Абдрасулов мәлімдеді.
Кодексті жаңарту не үшін қажет?
Азаматтық кодексті мемлекеттің экономикалық конституциясы деп атайды. Өйткені ол азаматтардың мүлік иеленуі, келісімшарт жасасуы, кәсіпкерлікпен айналысуы, несие алуы, мұра қалдыруы және өз мүддесін қорғауы сияқты күнделікті өмірдегі маңызды қатынастарды реттейді.
Профессордың айтуынша, Қазақстанның Азаматтық кодексінің Жалпы бөлімі 1994 жылы, Ерекше бөлімі 1999 жылы қабылданған. Ол нарықтық экономиканың қалыптасуына үлкен үлес қосты. Алайда содан бері экономикалық қатынастардың сипаты өзгеріп, цифрлық технологиялар мен мүліктік айналымның жаңа түрлері пайда болды. Кодекске жылдар бойы көптеген түзету енгізілген. Мәселен, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінің дерегіне сәйкес, 2026 жылға дейін Жалпы бөлім бойынша өзгерістердің 195, ал Ерекше бөлім бойынша 179 нөмірленген жазбасы тіркелген. Бұл жекелеген түзетулердің нақты саны емес, редакцияларға қатысты жазбалар екенін ескеру қажет.
Мәселе заңға жиі өзгеріс енгізілгенінде ғана емес. Ең бастысы – Азаматтық кодекстің ішкі жүйелілігі мен нормаларының өзара үйлесімділігін сақтау. Құқықтық норма белгілі бір технологияға немесе өмірдегі бір ғана жағдайға арналмауы керек. Ол біртектес қоғамдық қатынастардың тұтас тобын реттеуге қабілетті болғаны жөн. Егер заңда нақты бір қосымша немесе мәміле жасаудың белгілі бір техникалық тәсілі егжей-тегжейлі жазылса, жаңа технология пайда болған сайын оған қайта түзету енгізуге тура келеді. Сондықтан жаңа Кодекс тұрақты құқықтық қағидаттарға сүйеніп, жаңа жағдайларға бейімделе алатындай болуы қажет, – деп түсіндіреді Ермек Абдрасулов.
Оның пікірінше, жаңа Кодексті әзірлеу барысында қолданыстағы тиімді құқықтық институттарды сақтап, азаматтық заңнаманы кәсіпкерлік, қаржы нарығы, электронды құжаттар, дербес деректер және цифрлық активтер туралы арнайы заңдармен сәйкестендіру маңызды. Бұл ретте Кодекс негізгі құқықтық қағидаларды бекітіп, арнайы заңдар сол нормаларды нақтылауы керек.
Цифрлық мүлікке құқықтық кепілдік керек
Қазір мүліктің экономикалық құны тек пәтер, жер телімі, көлік немесе ақша сияқты материалдық заттармен өлшенбейді. Бағдарламалық қамтамасыз ету, деректер базасы, электронды туындылар, домендік атаулар, цифрлық активтер мен платформаларды пайдалану құқығы да азаматтар мен кәсіпкерлер үшін маңызды мүлікке айналды.
Профессор бұл өзгерісті дәстүрлі заттар экономикасынан цифрлық құқықтар экономикасына көшу ретінде сипаттайды. Мәселен, кәсіпкердің негізгі активі ғимарат немесе жабдық емес, интернет-дүкеннің бағдарламасы, тауар белгісі, клиенттер базасы, іскерлік беделі және цифрлық платформаны пайдалану құқығы болуы мүмкін. Мұндай нысандарды қолмен ұстап көру мүмкін емес, бірақ олардың нақты экономикалық құны бар.
Цифрлық объектілердің құқықтық табиғатын нақтылау қажет. Мысалы, адам қағаз кітапты сатып алса, оның иесі болады және кітапты өз қалауынша пайдалана алады. Ал электронды кітапты сатып алған кезде ол әрдайым кітаптың толық меншік иесіне айнала бермейді. Көп жағдайда пайдаланушы тек белгілі бір шарттармен оқу құқығын алады. Бұл құқықты басқа адамға беруге, мұраға қалдыруға немесе өзге жолмен пайдалануға бола ма деген сұрақтар туындайды. Сондықтан цифрлық мүлікке қатысты құқықтың кімге тиесілі екенін, оны беру, мұраға қалдыру және қорғау тәртібін заңда нақтылау қажет, – дейді профессор.
Оның пайымдауынша, жаңа Кодексте цифрлық активтер мен материалдық емес объектілердің құқықтық режимін айқындайтын жалпы ережелер болғаны жөн. Ал технологияның жылдам өзгеретін техникалық ерекшеліктерін арнайы заңнамамен реттеуге болады.
Жасанды интеллект қателессе, кім жауап береді?
Азаматтық құқық алдында тұрған тағы бір мәселе – жасанды интеллектіні пайдалану салдарынан келтірілген зиян үшін жауапкершілікті белгілеу. Қазір автоматтандырылған жүйелер банктерде, сақтандыру компанияларында және цифрлық платформаларда қолданылады. Алайда жүйе қате шешім қабылдап, азаматқа мүліктік зиян келтірсе, жауапкершілік кімге жүктелетіні маңызды сұраққа айналады.
Мысалы, банк несие беру туралы шешімді жасанды интеллект арқылы автоматты түрде қабылдайды делік. Жүйедегі қателік салдарынан клиентке мүліктік зиян келді. Мұндай жағдайда азамат шығынды кімнен талап етуі керек: бағдарламаны әзірлеушіден бе, оны сатып алған компаниядан ба, әлде жүйенің жұмысын бақылаған маманнан ба? Менің ойымша, банк немесе цифрлық платформа автоматтандырылған жүйені өз қызметінде пайдаланса, клиент алдындағы негізгі жауапкершілік сол ұйымның мойнында қалуы тиіс. Бағдарламаны әзірлеушіге қатысты талаптар бұзушылықтың сипаты мен тараптар арасындағы келісімге қарай бөлек қарастырылуы мүмкін. Жасанды интеллектіні пайдалану кәсіпкерді немесе ұйымды азамат алдындағы жауапкершіліктен босататын құралға айналмауы керек, – деп есептейді Ермек Абдрасулов.
Профессор смарт-келісімшарттарға да құқықтық баға беру қажеттігін атап өтеді. Мұндай келісімдерде міндеттемелердің белгілі бір бөлігі компьютерлік бағдарлама арқылы автоматты түрде орындалады. Бұл процесті жеңілдеткенімен, бағдарламалық кодтағы қателік, алаяқтық немесе тараптардың шынайы еркіне сәйкес келмейтін мәміле сияқты мәселелерді жоққа шығармайды.
Оның айтуынша, келісімнің автоматты түрде орындалуы азаматтың оны даулау құқығын шектемеуі тиіс. Егер мәміле заң талаптарына қайшы келсе немесе тараптың құқығы бұзылса, ол мүлкін қайтаруды не келтірілген залалды өтеуді талап ете алуы керек.
Келісімшарттағы әлсіз тараптың құқығы қорғалуы керек
Азаматтық заңнаманың маңызды қағидаларының бірі – шарт еркіндігі. Яғни тараптар келісімшарт жасасу-жасаспауға, серіктесін таңдауға және міндеттемелерінің шарттарын өзара белгілеуге құқылы. Алайда іс жүзінде келісімге қатысушылардың мүмкіндігі әрдайым бірдей бола бермейді.
Профессор мұны күнделікті өмірден алынған мысалдармен түсіндіреді. Мәселен, азамат банкке несие алуға барғанда оған пайыздық мөлшерлеме, комиссия, жауапкершілік және дауды шешу тәртібі көрсетілген дайын келісімшарт ұсынылады. Клиент көбіне құжаттағы әрбір талапты талқылай алмайды, тек ұсынылған шартқа келісуге немесе одан бас тартуға мәжбүр. Осындай жағдай ұялы байланыс қызметін пайдаланғанда, сақтандыру рәсімдегенде немесе цифрлық платформаларға қосылғанда да кездеседі.
Шарт еркіндігі азаматтық айналым үшін өте маңызды. Бірақ тараптардың бірі экономикалық тұрғыдан әлсіз болса, оның келісімшарт талаптарына ықпал ету мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін. Мысалы, ірі маркетплейсте тауар сататын шағын кәсіпкерді алайық. Платформа біржақты тәртіппен комиссияны көбейтіп, ынтымақтастық шарттарын өзгертуі немесе кәсіпкердің сауда аккаунтына қолжетімділігін шектеуі мүмкін. Кәсіпкер бастапқыда келісімшартқа қол қойғанымен, бұл платформаның кез келген әрекеті автоматты түрде заңды дегенді білдірмейді. Сондықтан жаңа Кодексте әділетсіз келісімшарт талаптарынан қорғайтын жалпы ережелерді күшейту қажет. Сонымен бірге әлсіз тарапты қорғау мемлекеттік органның немесе соттың кез келген коммерциялық келісімге негізсіз араласуына себеп болмауы керек. Заң қалыпты кәсіпкерлік тәуекел мен шарттық мүмкіндікті теріс пайдаланудың аражігін ажырата білуге тиіс, – дейді ол.
Профессор азаматтық-құқықтық және еңбек қатынастарын ажырату мәселесіне де назар аударады. Қазір такси жүргізушілері, курьерлер, фрилансерлер мен цифрлық платформалар арқылы қызмет көрсететін адамдардың бірқатары азаматтық-құқықтық келісімшартпен жұмыс істейді. Алайда кей жағдайда шарттың заңдық нысаны нақты еңбек қатынастарының мазмұнына сәйкес келмеуі мүмкін.
Мысалы, адам күн сайын бір ұйымның тапсырмасын орындап, белгіленген кестеге бағынса, жұмыс берушінің тұрақты бақылауында болып, жүйелі түрде ақы алса, бірақ онымен еңбек шарты емес, азаматтық-құқықтық келісім жасалса, ол еңбек демалысы, өтемақы және әлеуметтік кепілдіктерден айырылуы ықтимал. Дегенмен такси жүргізушісі немесе курьер болып жұмыс істейтіндердің бәрін жалдамалы қызметкер деп қарастыруға болмайды. Олардың арасында қызметін өз бетінше ұйымдастырып, тапсырысты орындау шарттарын өзі белгілейтіндер де бар.
Негізгі мәселе – азаматтық-құқықтық шарттың нақты еңбек қатынастарын жасыру үшін пайдаланылмауы. Цифрлық платформа дәстүрлі жұмыс кестесін белгілемеуі мүмкін, бірақ алгоритмдер арқылы тапсырыстарды бөледі, сыйақы мөлшерін анықтайды, орындаушының қызметін бағалайды және оның жұмысына ықпал етеді. Сондықтан мұндай қатынастардың шынайы сипатын ескеру қажет. Жаңа Кодекс шарт еркіндігінің шегін айқындап, еңбек заңнамасының міндетті талаптарын айналып өтуге жол бермеуі керек. Бұл ретте азаматтық және еңбек заңнамасы өзара үйлесіп, дербес кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірмейтіндей нақты өлшемдер белгіленуге тиіс, – деп атап өтті профессор.
Электронды келісімшартта азаматтың келісімі нақты болуы керек
Қазір көптеген келісімшарт электронды түрде жасалады. Азаматтар түрлі қызметке тіркелгенде немесе онлайн сатып алу жасағанда «Келісемін» батырмасын басу арқылы шарт талаптарын қабылдайды. Алайда бұл келісімнің қаншалықты нақты әрі саналы берілгені, пайдаланушының жеке басын сәйкестендіру және тараптар арасындағы тәуекелді бөлу мәселелері құқықтық тұрғыдан маңызды.
Ермек Абдрасуловтың пікірінше, жаңа Кодексте әр технологияға жеке-жеке ереже енгізудің қажеті жоқ. Оның орнына электронды келісімнің шынайылығына, тараптарды сәйкестендіруге, тәуекелдер мен жауапкершілікті бөлуге қатысты ортақ талаптар белгіленуі керек.
Азаматтың “Келісемін” батырмасын басуы кейіннен жасырылған немесе өзгертілген шарттарды автоматты түрде заңды ете алмайды. Электронды нысанда жасалған мәміле азаматтың құқықтық қорғалу деңгейін төмендетпеуі тиіс. Автоматтандырылған жүйелер мен жасанды интеллект келісімшарт жасауға немесе оны орындауға қатысқанымен, құқықтық қатынастың тарапы сол жүйені пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға болып қала береді. Сондықтан электронды келісімнің құқықтық салдары оның ауызша немесе жазбаша жасалғанынан өзгеше болмауы керек, – дейді заң ғылымдарының докторы.
Жаңа Кодекс құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге тиіс
Профессордың пайымдауынша, жаңа Азаматтық кодекс қолданыстағы заңға жекелеген түзетулер енгізумен шектелмей, жүйелі реформа нәтижесінде әзірленуі қажет. Қолданыстағы Кодекс қазақстандық жеке құқықтың негізін қалады, сондықтан оның тиімді институттарын сақтау маңызды. Сонымен бірге арнайы заңнамамен үйлесімділікті қамтамасыз етіп, цифрлық экономика мен жаңа мүліктік қатынастарға қатысты құқықтық олқылықтарды жою керек.
Ол жаңа құжатта шамадан тыс нақтылауға жол бермеу қажеттігін де атап өтеді. Кодекс жекелеген жағдайларға арналған шешімдер жиынтығы емес, кең ауқымды қоғамдық қатынастарды реттейтін тұрақты құқықтық нормалар жүйесі болуы тиіс.
Азамат үшін ең маңыздысы – өз пәтерін қорғай алу, ақшасын қайтару, келісімшарттың орындалуына қол жеткізу және келтірілген зиянның өтелуін талап ету мүмкіндігі. Ал кәсіпкерге түсінікті әрі болжамды ережелер, адал қызметінің қорғалуы қажет. Сондықтан жаңа Азаматтық кодекс тек меншік, келісімшарт немесе цифрлық активтер туралы заң болмауы керек. Ол азаматтық айналымдағы сенім, құқықтық айқындық пен әділеттілікті қамтамасыз ететін құжатқа айналуға тиіс, – деп түйіндеді Ермек Абдрасулов.