Жаңа Ата Заңымыз Әділетті Қазақстанның мызғымас жарғысына айналды – Президент
Мемлекет басшысы құқықтық реформалар мен Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына тоқталды.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Астанада өткен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» форумында сөйлеген сөзінде айтты.
Шын мәнінде, бүгінгі жиынның мән-маңызы ерекше. Мемлекет пен қоғамның тұтастығын нығайту Қазақстан үшін алдыңғы қатардағы міндеттердің бірі. Еліміздің тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім мен келісім болуы керек. Бұл – қашанда маңызды қағида. Алайда мұндай келісім өздігінен қалыптаспайды. Қоғамдық келісім – көпқырлы әрі тұрақты жұмыстың нәтижесі. Сондықтан мен Президент ретінде осы өзекті мәселеге аса мән беремін. Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыра бастадық. Ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеру, арыз-шағымдарға дер кезінде жауап беру – еліміздегі түбегейлі өзгерістердің өзегі. Осы маңызды іске биліктің барлық деңгейдегі өкілдері, соның ішінде министрлер, әкімдер мен депутаттар белсенді түрде қатысуы керек, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол бұл – мемлекеттік қызметшілердің конституциялық міндеті екендігіне тоқталды.
Соңғы жылдары мемлекетіміз аса ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру жолына түсті. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады. Біз заң мен тәртіп қағидатын жалпыұлттық құндылыққа айналдыруымыз керек. Барша азаматтарға, әсіресе жастарға заңды құрметтеу мен тәртіпті сақтаудың маңызын жан-жақты түсіндіру қажет. Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау – әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт, - дейді Президент.
Айтуынша, жалпыұлттық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституциямызда осы негізгі қағидалар айқын жазылған.
Қастерлі құжатымыздың басты мұраты – барша азаматқа тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстан құру. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – еліміздің Ата Заңының өзегіне айналған басты құндылықтар. Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеттері ретінде белгіленген, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.