Жаңа Ата Заңда төл мәдениет пен құндылықтарға қайшы келетін дүниелерге тосқауыл қойып отырмыз – Қарин
Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин елордада өткен Конституциялық кеңестің кезекті отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, жаңа Конституцияның жаңа мәтіні азаматтар тарапынан үлкен қызығушылық тудырғанын көрсетіп отыр. Сондай-ақ ол бір апта ішінде ел азаматтары мен қоғам қайраткерлерінен 4 мыңнан астам пікір мен ұсыныстар түскенін алға тартты.
Біріншіден, Конституция әр елдің өз болмысына сай қалыптасады. Мемлекеттердің тарихы, мәдениеті, тілі, саяси жүйесі бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Сондықтан, Германияда, Францияда, Жапонияда немесе АҚШ-та жұмыс істейін нормалар Қазақстанға сәйкес келмейді. Аталған елдер де Конституцияны бір-бірінен көшіріп отырған жоқ қой. Мәдениеті, экономикасы, саяси жүйесі ұқсас мемлекеттердің өзі Конституцияны бір-бірінен көшірмейді. Ендеше мәдениетіміз, салтыміз, құндылықтар жүйесі бөлек Қазақстан неге көшіруі керек, – деді Ерлан Қарин.
Оның үстіне, өзге елдерде мәдениетіміз бен құндылықтарымызға мүлдем жат, қарама-қайшы нормалар бар екеніне тоқталды.
Біз оларды да қабылдай алмаймыз. Керісінше, жаңа Ата Заңда төл мәдениетімізге, құндылықтарымызға қайшы келетін дүниелерге тосқауыл қойып отырмыз. Зайырлық, неке сияқты нормалар қамтылған. Ата Заң – жай ғана мәтін емес, сол қоғамның қалыптасқан ішкі дүниетанымы, моральдық нормалар жиынтығы, - деп түсіндірді Мемлекеттік кеңесші.
Өзге елдің Конституциясындағы нормалар, олардың мәні сай келмейді деп отыр.
Біз өз тағдырымызды, өз болашағымызды өзіміз анықтаймыз. «Кімбіз? Қайда барамыз?» деген сұрақтарға өзге біреу сырттан емес, өзіміз тікелей жауап береміз. Оны жаңа преамбулада жариялап отырмыз. Бұған дейінгі отырыстардың бірінде 1995 жылғы Конституцияны 12 адамнан тұратын Сарапшылық кеңес әзірлегенін айтқан едім. Сондағы 9-ы – елдің азаматы, қалған – шетелдік сарапшылар. Әрине, олар әлемдік құқық нормаларын жақсы білген мамандар шығар. Бірақ біздің елдің тарихын, мәдениетін, болмысын қаншалықты жетік білетінін кесіп айта алмаймыз. Ал мұндай маңызды құжатты әзірлеген кезде тарих та, мәдениет те, болмыс та үлкен рөл атқарады, - дейді Мемлекеттік кеңесші.
Пайымдауынша, дәл қазіргі сәтте біз өз болашағымызды өзіміз анықтайтын маңызды сәттің куәсі болып отырмыз.
Қазір еліміздің жаңа Конституциясын осыдан 30 жыл бұрынғыдай жабық кеңседегі 12 адам емес, әрбір өңірден жиналған, түрлі саланың өкілдерінен құралған, тікелей эфирде, ашық форматта жұмыс істейтін 130 адамнан тұратын ауқымды комиссия жазып жатыр. Ең бастысы, бірде-бір шетелдік азамат жоқ. Себебі өз болашағымызды, өз Ата Заңымызды, өз құқықтық жүйемізді өзіміз анықтаймыз. Жаңа Ата Заң Қазақстанның мемлекеттілігі, орнықтылығы тұрғысынан, өз мүддесі тұрғысынан әзірленуде. Бұл ең алдымен қазақ тілінде – мемлекеттік тілде жазылып жатқан Конституция.Сол үшін де бұл шын мәнінде – халықтық Конституция. Себебі, бізге біреу сырттан келіп ақыл айтып жатқан жоқ. Бұл – өзіміз жиналып, өзіміз даулассақ та, өз тілімізде өзіміз жазып, мемлекеттік, елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан қабылдап жатқан Конституция, - деді Ерлан Қарин.