Жаңа Әлеуметтік кодексте не өзгерді
Елімізде жаңа әлеуметтік саясатта не өзгергені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді.
Бұл өзгерістердің негізі биыл 1 шілдеден бастап күшіне енген Әлеуметтік кодексте көрініс тапты. Біріншіден, мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесінің парадигмасын түбегейлі өзгертуді көздейді: яғни ол әлеуметтік сын-қатерлердің салдарын жоюға емес, керісінше өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға көбірек бағытталатын болады. Екіншіден, әлеуметтік саланы цифрландыруды тереңдету және соның арқасында әлеуметтік қолдауды алудың бүгінгі өтініш беру нысанынан, мекенжайды анықтау нысанына және оны проактивті форматта көрсету жүйесіне көшу қарастырылған, - деп түсіндірді ведомство өкілі.
Оның айтуынша, осы орайда жауапкершілік мемлекетке ғана емес,
Үшіншіден, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша жауапкершілік тек мемлекетке ғана емес, жұмыс берушіге және азаматтың өзіне де жүктелетін болады. Бұл жаңа әлеуметтік контракт негізінде іске асырылатын болады. Төртіншіден, нәтижелі және формальды жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталған сақтандыру жүйесін дамыту көзделген, - деді Назгүл Сағындықова.
Белгілі болғандай, Әлеуметтік кодексті әзірлеуде халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, соның нәтижесінде Еуроодақтың Әлеуметтік кодексінің құрылымы басшылыққа алынған.
Вице-министр құжаттың 5 негізгі новелласына тоқталып өтті.
Бірінші новелла – Отбасының цифрлық картасы. Ол барлық мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық жүйелеріндегі деректері бойынша қалыптасқан. Оны енгізудегі негізгі мақсат қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан Кодексте ОЦК-ны әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Сондай-ақ ОЦК отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құықылы екендігін хабардар етіп отыратын электрондық жаршы құралы. Мұндай ақпарат әрбір отбасына орталық мемлекеттік орган тарапынан СМС хабарлама ретінде жіберіледі. Жәрдемақылар мен төлемдер ақпараттық жүйеде бар деректер негізінде проактивті форматта тағайындалады, - деді Назгүл Сағындықова.
Ал екінші новелла – атаулы әлеуметтік төлемдерді күшейту, ол алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу үшін атаулы шараларды, содан кейін ғана әлеуметтік тәуекелдердің салдарымен күресуге бағытталған атаулы көмекті көздейді. ОЦК-ның деректері негізінде атаулы көмектерді көрсету анықталады.
Бұл ретте Әлеуметтік кодексте балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделген. Мәселен бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту және атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған натуралды пакетті монетизациялау қарастырылған.
Сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградталған әйелдерге наградталған ана мәртебесін беру және 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту; әлеуметтік осал топтарға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін көбейту көзделген.