Жамбылға қоныстандырылған поляктар туралы деректер жетерлік – архив директоры
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында отандық және шетелдік архивтерде іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын қолға алуды тапсыруы барымызды бағамдауға бағдар болып отыр.
Тараз қаласының мемлекеттік архивінің директоры Нұрхат Серікбаев осы тұрғыдан архив деректері негізінде «Қоныстанушылар» атты ғылыми-танымдық кітап жарыққа шыққанын мәлімдеді. Бұл жинақта Әулиеата топырағына Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде көпшілігі Украина мен Беларустың батыс облыстарынан қауіпсіз жерге көшірілген (эвакуацияланған) поляк ұлтының азаматтары туралы жазбалар жинақталған. Сол уақыттарда Жамбыл жерінде құрылған Поляк Патриоттар одағы, балалар үйі мен интернаттардағы поляк балаларының тізімдері, аты-жөндері мен ата-аналары жайындағы мәліметтер топтастырылған екен. Танымдық кітап қалың оқырманға, тарихшыларға, зерттеушілер мен өлкетанушыларға арналыпты.
Бүгінгі күнге дейін Польша халқы соғыс жылдары қазақ халқының поляк ұлты өкілдеріне көрсеткен көмегін, мейірімін ұмытпайды. Алғыс ретінде ел астанасының ең көрікті жерлерінің бірі – Вилянув ауданындағы көшелердің біріне «Қазақ көшесі» (полякша ulica Kazachska) атауы берілген. Сонымен қатар Польшадағы Адам Мицкевич университетінде қазақ тілі оқытылады, - деп атап өтті архив маманы.
Нұрхат Тірібосынұлының пайымынша, кеңестік биліктің пәрменімен қазақ даласына қоныс аударған этнос өкілдерінің барлығы бүгінде біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды. Қазақ халқының қонақжайлығы мен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері біздің жерімізге сан мыңдаған ұлт өкілдерін жатсынбай қабылдады. Елімізде жыл сайын Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығы 1 мамырда жалпыхалықтық мейрам ретінде де аталып өтіледі.
Мемлекеттік архивтің 50 қорында Польша азаматтары туралы 1942-1946 жылдар аралығындағы құжаттарда кездеседі. 1941 жылдың желтоқсан айында Польша Республикасы мен КСРО арасында келісім шартқа қол қойылғаннан кейін, КСРО Сауда министрлігінің эвакуацияланған поляктарды қамтамасыз етуші өкілі 1946-жылға дейін қызмет жасады. Жамбыл облысында да осындай өкіл жұмыс істеді. Ол туралы құжаттар 378 қорда 24 сақтау бірлігі көлемінде сақталған. Жамбыл облысында бұл қызметті Сизов Иван Павлович атқарғанын растайтан мемлекеттік тіркеу құжаты да бар, - деп нақтылады Н.Серікбаев.
Ол сонымен қатар, Польша әскері қатарынан эвакуацияланған отбасылардың тізімі бар екенін айтты. 1945-жылғы актінің бірінде Үштөбе деген жерде Жамбыл облыстық «Союз Польских патронатов» қоғамдық ұйымы жұмыс істегені, оның төрағасы Вишневская Ирина Рудольфовна болғаны, дәл осындай ұйым облыстар мен аудандарда еңбек еткені, қоғамдық көмек қоры да біршама шаруалар атқарғаны таңбаланған екен. Бұл актіде Жамбыл облысының базасы Үштөбедегі Поляк потранаттар союзына көмек ретінде 362 польто жолдағаны да көрсетілген. Жамбыл облыстық атқару комитеті құжаттарында интернаттағы поляк балаларының тізімдері де бар көрінеді.
Әулиеата қалалық білім бөлімінің құжаттарында КСРО-дағы поляк балалының ісі бойынша комитетінің 1944-жылдың 9-желтоқсанында жолдаған хаттары да сақталған. Михайловка селосындағы поляк интернатының тәрбиеленушілері туралы ақпараттарда 14 жастан жоғары поляктар туралы жазылған. Барлығы 4 адам болған екен. 2-еуі ер бала болса, 2-уі қыз бала. Бәрі де поляк ұлтынан,е сімдері – Якелло Виктор, Вингер Альреда, Концуб Михайл, Вильк Евгения, 1929-1931 жылдары туған. Туған жерлері туралы мәліметтерде Тарнополск, Больинск, Полесск облыстары, Чижов қаласы көрсетілген, - деді Тараз қалалық мемлекеттік архивтің директоры.
Оның сөзіне қарағанда, өңірдегі Мойынқұм ауданында орналасқан поляк балалар үйінде 14 жасқа дейінгі тәрбиеленушілер болған. Олардың туған жылдары 1933-1938-жылдар аралығы екен. Бұл тізімде 15 поляк тәрбиеленушілерінің тізімі көрсетілген. Олардың туған жері Тарнополск, Львовская, Вольшкая, Полесск және тағы басқа аймақтар деп жазылған. Келесі бір кестеде «Отар» станциясындағы 14 жасқа дейінгі поляк интернатының тәрбиеленушілерінің тізімі берілген. Аты-жөндері, туған жылдары, ұлты, туған жерлері мен ата-аналары туралы да ақпараттар кестеге сәйкес толтырылыпты.
Нұрхат Тірібосынұлы Жамбыл станциясында оқитын поляктар мен польшалық еврейлердің тізімдері де бар екенін жеткізді. Олардың да аты-жөндері мен туған жылдары, ұлты, туған жерлері толық жазылған екен, барлығы 1928-1930 жылдар аралығында туған поляктар. Келесі бір тізімде КазКСР Жамбыл облысының Свердлов ауданындағы балалар үйіне ілікпей қалған, енбей қалған жетім поляк балалары туралы ақпараттар жазылған. Олар Кеңес-1, Кеңес-2, Кеңес-3, Амангелді колхоздарына орналастарылыпты. Барлығы – 1929-1930 жылдары дүниеге келген поляктар.
Мицкевич атындағы мектептің жанынан құрылған интернаттағы балалардың тізіміндегілердің жасы 14 жастан жоғары екен. Радек Эдвард, Хеба Генрих, Лея Михайл деп келетін 20 шақты баланың тізімі енгізілген. Олардың 9-ы қыз болса, 11-і ер балалар, 15-і поляк ұлтынан, 5-уі еврей, 4-уі тұл жетімдер. Әрқайсының туған жерлері әртүрлі. Мысалы, Львовская, Виленск, Луцкая, Ровенская, Красковск, Тарнополск және тағы басқалары. Кейбірінің шешелері белгісіз жағдайда жоғалып кеткен, кейбірінің ата-анасы соғыс даласында қайтыс болған, әскерге аттанған, өзге де себептері бар. Бірінің анасы Меркі колхозында деп көрсетілсе, бірінікі көз жұмған, біреуінікі болса интернатта аспаз, біреуінікі тәрбиеші, ал кейбірінікі Жамбыл қаласында, Михайловкада деп көрсетілген, - деді Н.Серікбаев.
Тағы бір тізімді кестеде Свердлов ауданы Ново-Ивановск (қазіргі Жалғызтөбе ауылы) балалар үйіндегі 14 жастан жоғары тәрбиеленуші поляк балаларының аты-жөндері, туған жылдары, ата-аналары туралы мәліметтер бар екен. Ата-аналары туралы ешқандай мәліметтер жоқ поляк балалар үйінің және орыс балалар үйі мен патронаттағы балалардың тізімі де сақталған екен. Онда барлығы 14 адам көрсетіліпті. Оның ішінде 9-ы ер бала, 5-еуі қыз бала, 11-і поляк ұлтынан, 3-еуі польшалық еврейлер деген мәліметтер жазылған.
Архив басшысы поляк азаматтарына жолданған тауарларды алушылардың тізімі мен тауарларды қабылдап алғанда түптелген 1946 жылғы актілер сақталғанын мәлімдеді. Келесі бір деректерде поляк оқушыларының сабақ үлгерімі, табелдері, әдебиет сабағынан жазған мазмұндамалары да бар екен. Мысалы, бастауыш сыныпта міндетті түрде оқытылатын Генрих Сечкевичтің «Смотритель маяка» деген әңгімесі желісіне сәйкес 7-сынып оқушысы Бранислов Зборчуктің қысқаша жазған мазмұндамасының түпнұсқасы сақталған. Дәптерінің сыртында А.Құнанбайұлының өлең жолдары жазылыпты. Сонымен бірге оқушылардың күнделіктері, сынып журналдары, бағасы көрсетілген журналдар аты-жөндерімен жазылған.
Тәуелсіздік жылдары екі елдің арасындағы достық қарым-қатынас нығайып, 2002 жылдың маусым айында тұтқында болған поляктарға арнап Жамбыл облысының Жуалы ауданында Польша тарапынан ескерткіш орнатылған болатын. 1940 жылдың желтоқсан айында депортацияланған поляктар өз еліне қайтарылып, жол-жөнекей қайтыс болған поляк азаматтары Жуалы ауданындағы Шақпақ станциясында эшалоннан түсіріліп, алғаш рет осы жерге жерленген. Мұндағы ескерткіш тастарға 212 поляктың есімдері қашап жазылған, биіктігі 3,5 метр тұғыр таста: «Бұл жерде поляктар жерленген. Шығыстағы генерал В.Андерс поляк армиясының 212 жауынгерлері және Совет лагерінде тұтқында болған поляк азаматтары 1942 жылы Отанына қайтып бара жатқан жолда қайтыс болғандарын жерлеген» - деп жазылған, - деді Нұрхат Тірібосынұлы.
Тараз қаласының мемлекеттік архиві директорының айтуынша, осындай тарихи деректердің келешек үшін маңызы зор болғандықтан, оны сақтау – архившілердің қызметтік міндеті. Сонымен бірге мемлекеттік сақтаудағы құжаттардың жағдайын тексеру, өңі кеткен мәтіндерді қалпына келтіру, аса құнды құжаттарды анықтау сияқты жұмыстар үздіксіз жүргізіліп тұрады. Осылайша қоймадағы құжаттарға жоғары жауапкершілікпен қарау – барлық архившілерге тән қасиет.