Жамбылдықтар Республика күнін қалай атап өтеді?
Биылғы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін 25 қазанда ұлттық мереке ретінде дәстүрге айналдыруды ұсынды. Бұл ретте, Республика күні мен Тәуелсіздік күні мағыналық тұрғыдан мазмұнды, шығу тарихы жағынан айрықша маңызды мейрамдар екенін атап өткен жөн. Бұл пікірді Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Сәдубаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол аймақта Республика күнін өткізу жөніндегі жоспар әзірленіп, бекітілгенін де жеткізді. Онда өңірдегі әкімдікке қарасты басқармалар мен Тараз қаласының және аудандардың әкімдіктері ұйымдастыратын 200-ден астам іс-шара қамтылған.
«Елі үшін де, ұрпақ үшін маңызы зор мерекеге символикалық әрі салтанаттық реңк беру үшін барлық жағдай жасалады. Айталық, 22 қазанда облыстың басшылығы қатысатын «Баласағұн» орталық концерт залындағы Республика күніне арналған салтанатты жиын ерекше мәнге ие. Шара барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ілгерілеуіне атсалысқан азаматтар марапатталады, басшылық көпшілікті құттықтайды және мерекелік концерт болады. Дәл осы секілді думанды басқосулар Тараз қаласы мен аудандарда да өтеді», - деді спикер.
Ал 25 қазанда тұрғындарға «Көне Тараз» этно-тарихи кешенінде Тараз қаласының әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастыратын «Жасай бер, жаса Тәуелсіз Қазақстан!» атты мәдени көпшілік іс-шара ұсынылады. Онда елімізге танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі шақырады, спорттық ойындардан жарыс болады.
Жауапты маман, сонымен бірге, аудандар мен Тараз қаласында мерекеге байланысты «Менің Отаным Қазақстан», «Менің Республикам – менің мақтанышым» сияқты көптеген әдеби-танымдық кештер, елтану сабақтары, түрлі тақырыптарды қамтитын көрмелер, кітаптардың апталықтары, көпбалалы отбасыларды, ардагерлерді, зейнеткерлерді және азаматтардың басқа да әлеуметтік осал топтарын қолдауға арналған «Жанашыр жүрек» халықтық акциясы, «Таза табиғат» экологиялық жиыны өтетінін мәлімдеді.
«Республика күніне орай Жамбыл облысында жалпы 19 нысанды елдің игілігіне беру жоспарымызда бар. Жекелеп айтатын болсақ, Тараз қаласында 2 нысан – «Қазфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар зауыты мен Шерхан Мұртазаның ескерткіші, Байзақ ауданында 2 нысан – KazStonebox цехы мен ауылдық учаскелік полиция пункті мамандарының қызметтік тұрғын үйі, Жамбыл ауданында 9 елді мекенді қамтитын газ құбыры, Жуалы ауданындағы Рысбек батыр ауылына табиғи газ құбырын тарту жұмысы, Меркі ауданында 2 нысан – Тәтті ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен Гранитогорск ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт, Сарысу ауданында 2 нысан – Әбділда ауылындағы медициналық пункт пен Тоғызкент ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Т.Рысқұлов ауданында 2 нысан – Жаңатұрмыс ауылындағы медициналық пункт пен Құлан ауылындағы өзге этнос өкілдеріне арналған ғимарат, Талас ауданында Қаратау дәрігерлік амбулаториясы, Шу ауданында 6 нысан – «Нұр-Шуақ-2» жеке меншік 200 орындық және Mubarak NIET 50 орындық балабақшаларының ашылуы және «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Ескі Шу, Дулат ауылдарындағы 2 үй, Өндіріс ауылдық округтеріндегі үйлер пайдалануға беріледі», - деді Алмас Кәдірбекұлы.
Ол мереке кезінде Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері басшылыққа алуы қажет ұсынымдарды да атап өтті. Біріншіден, мерекелік күн тәртібінің жеке бөлігі жаппай халықтық мерекелеуді ұйымдастыруға және өткізуге бағытталуы керек. Өйткені, 25 қазанда өңірдегі барлық орталық алаңқайларда, саябақтар мен скверлерде халықтың нысаналы топтарын қамтитын және мерекенің бүкіл халықтық атмосферасын қалыптастыратын жаппай серуендеулер, жәрмеңкелер, көрмелер, мерекелік концерттер және басқа да іс-шараларды өтеді.
Екіншіден, мерекенің жалпы идеологиясы жасампаздық мәдениетін, тату көршілік пен өзара көмекті қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл жаңа мерекенің әлеуметтік және шығармашылық миссиясын күшейтетін жаңа дәстүрлердің өзегі болуы қажет. Республика күнін мерекелеудің тағы бір ерекшелігі – «Таза табиғат» атауымен жаппай экологиялық науқан өткізуді дәстүрге айналдыру. Жауапты маманның пайымынша, аулаларды, көшелерді, саябақтарды, алаңдарды, скверлерді тазарту, ағаш отырғызу және осы сияқты шаруалар өскелең ұрпақты қоршаған ортаға ұқыпты қарап, экологиялық тәрбиеге ықпал етеді.
«Бұл орайда, оқу маусымын ескере отырып, барлық мектептерде саябақтарға, табиғат қорғау аймақтарына танымдық экскурсиялар, қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа және оның тұрғындарына ұқыпты қарау мәселелері бойынша дәрістер, сынып сағаттары ұйымдастырылуы тиіс. Экологиялық отбасылық дәстүрлерді қалыптастыру мақсатында ағаш отырғызу, оларды қысқы маусымға дайындау, жақын маңдағы саябақтарда, скверлерде, үй маңындағы учаскелерде күтім жасау бойынша отбасылық акцияларды ұйымдастыруды қарастырған абзал», - деді ол.
Үшіншіден, Республика күніне орай елдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды құрметтеу және көтермелеу жөніндегі барлық негізгі іс-шаралар – мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, алғыс хаттармен, грамоталармен және көтермелеудің өзге де нысандарымен марапаттау рәсімдері ескеріледі. Бұл күні республиканың әрбір азаматы мемлекеттің дамуы мен Қазақстанның қалыптасуына қосқан жеке үлесінің маңыздылығын сезінуге тиіс. Мереке әр саладағы еңбек сіңірген қызметкерлерді, еңбек ардагерлерін, төтенше жағдайлар кезінде ерлік көрсеткен азаматтарды марапаттауға ресми себеп болғаны жөн.
«Төртіншіден, Мерекені сүйемелдеу және мерекелік іс-шараларды жария ету жөніндегі ақпараттық жұмыс осы күннің республиканың қалыптасу тарихындағы идеологиялық және қоғамдық-саяси маңыздылығына негізделіп, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қатысты маңызды және есте қаларлық оқиғалардың хронологиясын көрсетуі тиіс. Бесіншіден, мерекені визуализациялауға және барлық елді мекендердің сыртқы дизайнына ерекше назар аудару өте маңызды. Республика күніне орай мерекелік баннерлер, билбордтар және басқа да сыртқы жарнама құралдарын орнатуды қамтамасыз ету керек. Алтыншыдан, орталық сайлау комиссиясының талаптарына сәйкес, электоралдық кезеңде қайырымдылық акцияларын өткізуге тыйым салынады», - деп атап өтті Алмас Сәдубаев.