Жамбылдық полицейлер жарты тоннаға жуық есірткі затын тәркіледі

8 желтоқсанда Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тұрар Рысқұлов ауданының Қызылшаруа ауылынан 60 шақырым қашықтықтағы құмды аумақта «Ваз-2121» маркалы автокөлігін тоқтатты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Автокөлікті тексеру кезінде жүк салғыштан 2 қапшық «гашиш» есірткі заты табылды.

Одан бөлек, сол орыннан 2 шақырым қашықтық жерде целлофаннан екі «күркеше» жасап, 36 қап «марихуана» мен 1 қап «гашиш» есірткі заттарын жинап қойғаны анықталды. Сондай-ақ, есірткі құралдарын илейтін екі елек табылды. 

Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 472 келіден асты, оның ішінде 369 келі 588 гр «кептірілген марихуана» және 102 келі  760 гр «гашиш» болып шықты. 

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен «Аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Ұсталған 47 және 30 жастағы күдіктілер өз кінәлерін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды, - деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы