Жамбылдық полицейлер көлік жолдарын тексерді
Жыл басынан бері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың автомобиль жолдарына қатысты 1284 тексеру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тексеру барысында облыстың автожолдарында 8198 ақау анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша жол мекемелерінің басшыларына қатысты орындауға 1284 нұсқама берілді. Автомобиль жолдарын күтіп ұстаудағы кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға 529 ақпарат жіберілді.
Көлік жолдарын қанағаттанарлықсыз күтіп ұстағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 218 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде Меркі және Мойынқұм ауылдық округтерінің, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің және Тұрар Рысқұлов ауданының мамандары, Байзақ ауданының ауылдық округтерінің әкімдері және заң фирмалары, - деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Николай Сон.
ҚР ӘҚБтК - нің 631-бабы 1-бөлігі бойынша жолдарда жұмыстарды жүргізу, жолдарды, теміржол өткелдерін және басқа да жол құрылыстарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін 145 лауазымды тұлға, сонымен қатар 15 жауапты тұлға осы іс-әрекеті үшін, алайда, салдары жол-көлік оқиғасына әкеп соққаны үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы 2-бөлігі) жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ 52 лауазымды тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 630-бабы 1-бөлігі бойынша жолдарды, теміржол өткелдерін және басқа да құрылыстарды немесе жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын бүлдіргені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.