Жамбылдық полицейлер 10 қару, граната және 600-ден астам патрон тапты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жаппай тәртіпсіздік барысында ұрланған қарудың орналасқан жерін анықтау бойынша күн сайын іздестіру жұмыстарын жүргізуде.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері облыс орталығының аумағынан 10 қару, 2 граната, патрондар, каскалар, сауыт-саймандар, рация тауып тәркіледі.
Табылған қарулардың арасында Калашников автоматы, екі Макаров тапаншасы, «Компакт» маркалы тапанша, тегіс ұңғылы карабин, қос ауызды тегіс ұңғылы мылтық, «ИЖ-56» екі ұңғылы құрама мылтық, травматикалық тапанша, тегіс ұңғылы шолақ мылтықтар, 2 жарық-шу гранатасы, әртүрлі калибрлі 648 патрон болды. Қаруларға сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды, - делінген хабарламада.
Жамбыл облысының Полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оларды полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салады. Анонимділікке кепілдік беріледі.