Жамбылдық балалардың коронавируспен жиі ауыруы алаңдатады – санитар-дәрігер
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Пандемия басталғаннан бері Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның 26 273 дерегі тіркелді.
Бұл туралы аймақтағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев айтты. Мұның ішінде 16 434 тұрғын былтыр ауырыпты. Ал биылғы қаңтардан бастап, ақпанның алғашқы онкүндігінде 4 829 азамат қауіпті індет жұқтырған. Тәулігіне шамамен 10-20 адамнан коронавирус белгілері анықталып жатыр.
Науқастардың жас құрамы бойынша сараласақ, ең жоғары үлесті 20-39 жастағы жұмысқа қабілетті азаматтар құрайды, яғни 37 %. Ал 14 жасқа дейінгі балалар жалпы КВИ науқастарының 15 %-ына жетіп жығылады. Айта кету керек, бізді 1 жасқа дейінгі балалар арасында қауіпті індеттің таралуы алаңдатады. Мәселен, өткен жылы 1 жасқа дейін ауырған бүлдіршіндердің үлес салмағы 0,7 % болса, биыл 6 %-ға бір-ақ көтерілді. Сондықтан, халықтың барлық тиісті топтарын вакцинациялау аса маңызды болып қала береді, - деді жауапты маман.
Байділда Сейділдаұлының мәліметінше, Жамбыл облысында күні кешеге дейін 18 жастан асқан 636 286 азамат вакцинаның бірінші компонентін, 606 307 тұрғын екінші компонентін алып үлгерген. Сонымен қатар, жасөспірімдер, жүкті әйелдер, бала емізетін аналар тобындағы 131 546 адам қайта вакцинацияланыпты.
Жамбыл облысының аумағында білім беру ұйымдарына офлайн режимде барған оқушылар мен тәрбиеленушілер арасында 280 азамат коронавирустық инфекцияға шалдықты. Мұның 221-і оқушы болса, 21-і арнайы орта оқу орындарының студенті, 5-еуі жоғары оқу орындарының білімгері. Сондай-ақ балабақшалардың – 16, интернаттық ұйымдардың 17 тәрбиеленушісі бар. Ал оқытушылар мен тәрбиешілер арасында 57 науқас тіркелді, оның 47-сі мектеп мұғалімдері, - деді Шыналиев.
Ол Тараз қаласы мен аудандардың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының бас дәрігерлері 460 топ пен сыныптарда карантин жариялау туралы қаулы шығарғанын атап өтті. Яғни, 9 705 оқушы мен тәрбиеленуші үй карантиніне жіберілген. Тараз қаласының 8 мектебінде білім алатын оқушылар арасында індеттің 5 және одан да көп дерегі орын алған.
Карантиндік шаралар әлсіреген сәттен бастап, 2020 жылғы 17 тамыздан биылғы 7 ақпанға дейін Жамбыл облысында 38 мониторингтік топ жұмыс істеді. Оның 4-еуі облыс орталығында зерделеу, тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Кеше ғана мониторингтік топтардың мүшелері 8 рейд жүргізді, 17 нысанды тексерумен қамтыды. Десе де ешқандай бұзушылықтар анықталған жоқ. Олар жыл басынан бері 154 рейд жасапты, 370 нысанды қамтыған. 17 құқықбұзушылық тіркеліп, 13 хаттама толтырылды, кәсіпкерлерге 900 мың теңгеге жуық айыппұл салынды, - деп атап өтті департамент басшысы.
Байділда Сейділдаұлы Жамбыл облысы мен Қырғыз Республикасының шекарасында 6 өткізу пункті қызмет ететінін еске салды. Ағымдағы жылы барлық өту пункттері арқылы 46 776 азамат өткен. Теріс нәтижесі бар ПТР анықтамасының болмауына байланысты еліміздің 2 995 азаматы 2 күндік карантинге жатқызылса, 2 858 жүргізуші посттан зертханаға жіберілген, 12 адамнан оң нәтижелер анықталған. Шет мемлекеттердің теріс ПТР тесті жоқ 1 112 азаматын ел аумағына кіргізуге тыйым салыныпты.