Жамбылдың қырғыз тіліне аударылған шығармалары таныстырылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстан астанасында Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына және Қырғыз Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай арнайы ғылыми конференция өтті.
Манас және Ш. Айтманов ұлттық академиясында өткен басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Әбдуалиев, Қырғыз Республикасы Манас және Ш.Айтматов ұлттық академиясы президенті Топчубек Тургуналиев, Қырғыз Республикасының Ұлттық жазушылар одағының төрағасы Нұрланбек Калыбеков, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, сонымен бірге бірқатар қазақ-қырғыз зиялы қауымының өкілдері қатысты.
Жамбыл – қазақ пен қырғызға ортақ тұлға. «Сүйегім – қазақ, етім – қырғыз» деп айтатын ақынның қоңсы қонған қырғыз халқына деген риясыз көңілі анық аңғарылады. Алатаудың абызы осы қырынан да түркі бірлігіне қызмет еткені баршаға ғибрат, ̶ деді Академия басшысы алқалы жиында.
Конференция барысында Жамбылдың қырғыз тіліне аударылған таңдамалы шығармалары («Жамбыл Жабаев. Тандалган чыгармалар») көпшілік назарына ұсынылды. Құнды еңбекті қырғыз тіліне белгілі әдебиеттанушылар - Керимбек Кадыракунов пен Түгөлбай Казаков тәржімалаған.
Сонымен қатар, көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі жазушы Каныбек Иманалиевтің “Тагай бий (Мухаммед Кыргыз)” атты тарихи повесінің тұсаукесері өтті. Аталған еңбек ХVI ғасырда жасап, қырғыз елінің басын біріктіріп, ел болуға негіз қалаған Тағай бидің өміріне арналған.
Тағылымды шара қазақ және қырғыз ақындарының қатысуымен өтетін ХІV халықаралық аламан айтысқа ұласты.