Жамбылдық жас кәсіпкер лимон шаруашылығын қалай бастағанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 30 мың қазақстандық білім алды. Түлектердің бірі – 28 жастағы жамбылдық Данияр Әбдіразақ.

Ол «Бастау Бизнесінің» онлайн-форумы кезінде кәсіпке қалай келгені туралы айтып берді.

Академияда бакалавр мен магистратураны аяқтап, Оңтүстік Кореяда 7 ай болып келген соң, үлкен қалаға кетпей, өзімнің туып өскен ауылымда қалуды шешіп, аудан экономикасына өз ықпалымды тигізейін деп шештім. 2019 жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» курсын өттім, - деп өзі жайында айтып берді ол.
Данияр Әбдіразақ Кореяда көрген лимон өсіру шаруашылығын «Бастау Бизнес» сабақтарында колдана отырып, іске асыруға бел буған.
Жобаның тиімділігін есептеулер көрсетті. Технологиясын Жамбыл облысының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған семинарда зерттедім, онда сарапшы өз тәжірибесін айтып, осы істің ерекшеліктерін түсіндірді. Сол жылы «Лимон өсіру» жобамен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша инновациялық гранттар байқауына қатысып, 2,5 млн теңге көлемінде грант ұтып алдым. Қосымша асыл тұқымды гиссар қой шаруашылығын дамыту үшін «Атамекен-Тараз» микро қаржылық ұйымынан 4 млн теңге несие алдым, - дейді жас кәсіпкер.
Айтуынша, биыл жылыжайда лимон ағаштары жеміс берген.
Әр ағаш 15 келіге дейін жеміс беріп тұр. Енді Мерке ауданының тұрғындары өз ауданынан шыққан лимонды пайдаланады. Алдағы 2-3 жыл мерзімінде лимонариумды 3 гектарға дейін үлкейтуді көздеп отырмын, - деп айтты Данияр Әбдіразақ.
Ол сөзін қорытындылай келе кәсіпкерлер палатасына алғысын білдірді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы