Жамбылдық сайлаушылардың 50 пайызға жуығы дауыс беріп үлгерді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында 89 сайлау учаскесінде ауылдық округ әкімдерін сайлау науқаны өтіп жатыр.

Бұл туралы Партиялық емес сайлау орталығының өңірдегі филиалының жетекшісі Асқар Қадырқұлов айтты. Оның сөзіне қарағанда, кейінгі айларда 9 учаскеде ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткізіледі. Қазір тұрғындар 38 кандидатқа дауыстарын беріп жатыр. 3-еуі кейінге қалды.


Біз бастапқыда 194 байқаушыны әзірлеген болатынбыз. Олар осы науқанды үздіксіз бақылап, мониторинг шараларын жүргізіп, осы саяси науқанда белсендік танытатын болады. Байқаушыларымыздың барлығы арнайы семинарлар мен тренингтерден өтіп, біліктіліктерін шыңдаған. Алайда орталық әр учаскеге екі бақылаушыдан отырғызуды жоспарлаған еді, ПТР-зерттеулердің дайын болмай қалуына, вакцинациямен қамтылмауына байланысты көп учаскеде бір байқаушымыздан ғана қадағалап отыр, - деді Асқар Жақсылықұлы.
Оның пайымынша, аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округ әкімдерінің төте сайлауы – еліміздегі демократизациялау процесіндегі жаңа қадам болып табылады. Ата заңымызда белгіленген демократиялық қағидалар мемлекет аумағында бұдан кейін де іске асырыла береді. Алдағы уақытта аудандар мен облыстардың әкімдерін сайла ұйымдастырылады.



Сайлау науқаны барысында ең басты мақсат – саяси процестің заңдылықтары мен ашықтығын қамтамасыз ету, сондықтан да бізде осы салада айтарлықтай тәжірибесі бар топ жасақталды. Біздің тәуелсіз байқаушыларымыз сайлау науқанының әділ әрі таза ұйымдастырылуына өз үлестерін қосатынына сенімдімін. Кеше ғана барлық ауданды өзім аралап, процеске әзірлік барысын көзіммен көріп қайтқан болатынмын. Дәл қазір штабта барлық бақылаушымен дербес байланыс орнатып, мәліметтерді жинақтап отырмын, - деді Асқар Қадырқұлов.
Оның айтуынша, Жамбыл облысында бұл науқанға 104 372 сайлаушы қатысып, дауыс береді, таңдау жасайды. Бастапқыда ауылдық округ әкімі лауазымына 122 кандидат құжаттарын тапсырған. Түрлі себептерге байланысты 6 кандидаттың құжаттары кері қайтарылыпты. Дәл қазір тұрғындар 116 үміткерге дауыс беріп жатыр.
Ауылдық округ әкімі қызметіне кандидаттардың 80%-ы ер кісілер болса, 20%-ы әйелдер. Олардың орташа жасы 38-дің шамасын құрайды. Ал сайлаушылардың белсенділігі жөнінде айтатын болсам, жоғары деңгейде деуге негіз бар. Өйткені таңертеңгі сағат 9.00-дегі мәліметке сәйкес, тұрғындардың 33%-ы дауыс беріп үлгерген болатын. Ал сағат 11.30-дағы деректер 50%-ға жуықтап қалғанын көрсетіп отыр, - деді Асқар Жақсылықұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы