Жамбылдық дәрігерлер бауырға бірегей ота жасады
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы емдеу мекемелерінде бауырды эмболизациялау әдісі жоғары технологиялық деңгейде енгізілуде. Отаның мұндай жаңа түрінің Таразда алғаш рет жасалуы – соған дәлел.
Бұл маңызды оқиғаға Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығының прокторы, интервенциялық онкорадиологы Нияз Малаев жетекші болып, аталған орталықтың білікті дәрігерлері де қатысқан. Олардың пікірінше, Жамбыл медицинасы жыл санап ілгерілеу үстінде. Аймақтағы денсаулық сақтау саласының білікті мамандары жалпы еліміздің медицина ғылымының қарыштап дамуына айтарлықтай үлес қосып жатыр.
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Абай Нұржанов бауырды эмболизациялау отасын жамбылдық хирургтар бейімделген жабдықтармен жүргізіп келгенін айтады.
Интервенциялық онкорадиолог Нияз Малаев емдеу мекемесінің рентгенэндоваскулярлық хирургия бөлімшесіндегі жоғары технологиялық мамандандырылған жабдықтың көмегімен отаның бұл түрін қалай жасайтынын көрсетіп, өзінің шеберлігімен бөлісті. Нияз Бейсенұлы Қазақстан интервенциялық онкорадиологтар қоғамының білікті әріптестерімен бірге практикалық және теориялық бөлімдерден тұратын «Ісікті емдеудегі инновациялық технологиялар» тақырыбында шеберлік сағатын өткізгенін айта кеткен жөн.
Нұр-Сұлтан қаласынан келген мамандар алдымен 57 жастағы Тараз қаласының тұрғынына бауыр химиоэмболизация жасады. Емдеу хаттамасына сәйкес, науқас химиоэмболизацияның төрт курсынан өтуі тиіс. Оның алғашқысын Нияз Малаев бастаған Ұлттық ғылыми медициналық орталығының дәрігерлері жүзеге асырды.
Бауыр эмболизациясы – бұл бауырдың бастапқы және метастатикалық қатерлі ісіктерін паллиативті емдеудің заманауи әдісі. Ол қос әсерді, яғни ишемиялық және химиялық терапияны біріктіреді. Нәтижесінде ісік ошағы айтарлықтай азаяды. Бүгінде емдеу тәсілдері өзгеріп, жаңа қырлары пайда болуда. Шығын материалдары жетілдірілуде, сондықтан, білімді үнемі толықтырып отыру қажет. Біз жамбылдық әріптестерімізді осы бағыттарымен таныстыру мақсатында келдік, - деді Нияз Бейсенұлы.
Бір сағатқа созылған отаны сәтті аяқтаған дәрігерлер теориялық бөлімде проктор Нияз Малаевтың «Бауыр ісіктерін емдеудегі инновациялық технологиялар» тақырыбындағы дәрісін тыңдап, өз ой-пікірлерін ортаға салды.