Жамбылдық азаматтан 60 келіге жуық марихуана тәркіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен патрульдік полиция қызметкерлері «Қарасора» мен «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы аясында есірткінің аса ірі көлемін тәркіледі, деп хабарлады ТО ПД-нің баспасөз қызметі.

Экипаждың командирі полиция майоры Нұрбол Асыралханмен бірге қос аға лейтенант Рауан Қалшораев пен Ержан Мыңбаевтар әдеттегідей өздеріне белгіленген аумақты  патрульдеуге кіріседі. Олар өздерінің кезекті қызметін атқаруы барысында Алматы-Термез-Ташкент республикалық маңызы бар жолының 594 шақырымында жарықшамын жақпаған және жылдамдықты шектен тыс асырып келе жатқан  «Мазда» автокөлігін байқайды. Көлікті тоқтатып, жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында ол ашуға бой алдырып, қасындағы жолаушымен бірге қарсылық көрсете бастайды. Осыдан кейін полицейлер автокөлікті және оның жүксалғышын тексеру кезінде ішінде есірткіге ұқсас күмәнді заты бар 6 бірдей полиэтилен қаптары анықтайды. Полиция қызметкерлері тез арада қаптарды тәркілеп, сараптамаға жіберді. Оның қорытындысымен қаптың ішіндегі зат 60 келі марихуана екені анықталады, – делінген хабарламада. 
Осылайша полицейлердің қырағылығы мен жедел қимылының нәтижесінде есірткіні тасымалдамақшы болған күдікті қылмысының жолы кесті.  
Бүгінгі таңда көліктің жолаушысы бұрын сотты болған Жамбыл облысының тұрғыны уақытша ұстау абақтысына қамалды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің екі бабы, 296-бап «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу»,  297-бап «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша тергеу амалдары басталып кетті. Күдіктінің айтуы бойынша ол ірі көлемдегі есірткі партиясын Шымкент қаласына жеткізбекші болған. Ал жүргізушінің осы іске қатысы бар-жоқтығы анықталуда, – дейді ТО ПД-нің баспасөз қызметі. 

Түркістан облысының полиция қызметкерлері күдіктілер есірткінің ірі партиясын қандай мақсатпен тасымалдағанын, сондай-ақ көрші облысқа есірткі құралдарын жеткізу арналарын анықтауда. 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы