Жамбылдықтар аз қамтылған отбасыларға дәрі-дәрмек әперді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараз қаласының №5 емханасына 27 миллион теңгеден астам сомаға дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың ірі партиясы жеткізілді, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Олардың ішінде дене қызуын түсіретін, қабынуға қарсы дәрі-дәрмектер, антибиотиктер, бір реттік шприцтер бар. Олар осы жерден арнайы тізімге сәйкес облыс бойынша медициналық көмекке мұқтаж адамдарға таратылмақ. Бұл қайырымдылық акциясының өтуіне көптеген адамдар атсалыса білді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлермен арнайы кездесіп, отандастарымыз үшін қолдан келетін барлық мүмкіндіктерді жасауға шақырды. Кейінірек маған Денсаулық сақтау басқармасынан қоңырау шалып, инфекциялық аурухана үшін оттегі түтіктерін сатып алуға көмектесуімді сұрады. Жалғыз өзіме көп нәрсе жасау мүмкін емес, сондықтан мен өзім жақсы танитын ірі кәсіпкерлерге телефон шалдым. Олар бұл ұсынысымды бірден қолдады. Осылайша біз аталған түтіктерге ақша жинап бердік, сондай-ақ қаржы 11 концентратор аппаратын алуға жетті, - дейді "Альтаис Групп" ЖШС-нің Бас директоры Әлібек Жұмабаев.
Бұдан соң дәрі-дәрмек сатып алу үшін 48 миллионға жуық қаражат жиналды. Жалпы алғанда, жамбылдық 20 ірі компания басшылары пандемиямен күреске шамамен 70 миллион теңге қаржы бөлді. Қайырымдылық акцияларының тетіктері жинақтау қорлары арқылы жүзеге асады десек, бұл орайда қаржы Дінмұхаммед Қонаев атындағы қорға жиналған. Ақша жиналып, мақсат айқындалғаннан кейін бұл істі үйлестіруге  "Тараз" ӘКК ҰК" АҚ атсалысқан.

Біз үйлестіруші ретінде Шымкент қаласындағы "Зерде" медициналық қоймасымен жеткізіп беру бойынша уағдаластық. Сондай - ақ, ӘКК тауарларды тасымалдауды  барынша қамтамасыз етті. Әзірге 27 миллион теңгеге дәрі-дәрмектер жеткізілсе, жақын күндері тағы 20 миллион астам қаржыға  препараттар әкелінетін болады, - дейді "Тараз" ӘКК басқарма төрағасы Олжас Қаржауов.

Осылайша, жамбылдық билік өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерінің ұйымдасқан әрі жедел әрекеті көптеген науқастардың сауығуына үміт сыйлады. Соны тілге тиек еткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, індетпен күресте күш біріктірудің маңыздылығын алға тартып, бірлесіп қана барлық қиындықтарды жеңуге болатынын жеткізді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
"Маска тағыңыз" акциясы
Өзгелердің жаңалығы