Жамбылдық полицейлер ұялы телефон ұрлаумен айналысқан адамды ұстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

4 шілдеде Тараз қаласының полиция басқармасына облыс орталығының тұрғынынан белгісіз адамның «Samsung Galaxy J4» маркалы ұялы телефонын қоңырау шалу үшін сұрап алып, қашып кеткені туралы арыз түсті. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Тараз қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 23 жастағы азаматты құрықтады.

Ол бұдан бөлек басқа да тонау оқиғаларын жасағанын мойындады. Атап айтқанда, 2019 жылдың 14 маусымында «Samsung Galaxy J1» және «iPhone 5» телефондарын ашық түрде тартып алып, қашып кеткен. Ал келесі күні қоңырау шалу үшін «iPhone 7 Plus» маркалы телефонын сұрап, оны да алып қашып кеткен. Сондай-ақ, 17 маусым күні 18 жасар қыздың «Samsung Galaxy J5»-маркалы телефонын алып қойған.

«Аталған деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігімен (бірнеше рет тонау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Полиция қызметкерлерімен ұялы телефон ұрлығына қарсы күрес ұдайы жүргізілуде»,-делінген хабарламада.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы