Жамбылдық оқушылардың 120 000-ға жуығында компьютер-ноутбук бар
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Өңірдегі 130 елді мекен интернет желісіне мүлде қосылмаған. Бұл туралы Жамбыл облыстық Білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова айтып берді.
Оның сөзінше, биыл қалыптасқан коронавирус пандемиясына байланысты барлық салаға, соның ішінде білім беру жүйесіне де өзгерістер еніп жатыр. Мәселен, жаңа оқу жылында республика бойынша қашықтан білім беру қолға алынатын болса, алыс ауылдарда дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ. 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау уақыты да осы жағдайға қатысты ұзартылып, 20 тамызға дейін созылған. Ал жұмыс істейтін ата-аналардың балалары үшін мектептерде "кезекші сыныптар" ашылады.
"Кезекші сыныптар" бастауыш сыныптарда тек қана ата-аналардың өтініштері бойынша, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылатын болады, - деген Гүлнар Махақызы қашықтан оқуға Жамбыл облысының қаншалықты дайын екендігі жайында да айтты.
Өңірдің бас мұғалімінің сөзіне сүйенсек, жамбылдық 234 715 оқушының 119 659-ы жеке компьютерлермен немесе ноутбуктармен қамтылған. Ал 115 056 балада мұндай оқу құралдары жоқ, бұл аймақтағы оқушылардың 49,1 пайызын құрайды. Сонымен қатар облыс аумағындағы 130 елді мекен мүлдем ғаламтор желісіне қосылмаған.
Бұл ауыл-аймақтарда 18 937 оқушы бар. Мұндай аумақтарда орналасқан 123 мектептің 76-сы дәстүрлі түрде, ал қалған 47-сі қашықтан оқитын болады. Алайда компьютерлік техникалармен жабдықталғанымен, интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ. Осыған орай "Қазақтелеком", "Транстелеком" мекемелеріне, мобильдік телефон операторларына техникалық мүмкіндіктерді тексеру жұмыстарын жүргізу және интернетпен қамтамасыз ету үшін елді мекендердің мекен жайлары мен тізімі жолданды, - дейді жауапты маман.
Оқулыққа қатысты ешқандай мәселе туындамайды деп сендірген басқарма басшысы оқушыларға кітаптар 10 тамызға дейін 100 пайыз жеткізілетінін алға тартты. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 2 және 3-курс студенттері қашықтан оқытылатын болады.
Оқу жүйесі 42 колледжде zhambyltipo.kz сайты арқылы жүзеге асырылатын болса, 1 арнаулы оқу орнының студенттері dhmc.zhambyl.kz порталымен білім алады. Қолжетімсіз болған жағдайда, бұл интернет ресурстарға балама ретінде whatsapp, телеграмм, zoom мобилдік қосымшалары пайдаланылады, - деді Гүлнар Маханқызы.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа оқу жылында тек 1 ғана жаңа мектеп ашылады екен. Ал қалған құрылысы жүріп жатқан білім ошақтары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Мектептерді жылы әжетханалармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша облыстағы 285 мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Нәтижесінде, бұл жұмыстар 131 мектепте аяқталған.
Ал қалған 154 ғимаратта ағымдағы жөндеу жұмыстары 15 тамызға дейін бітуі тиіс, - деп сендірді Гүлнар Ходжабергенова.