Жамбылдық ардагерлердің бейнесі альбом-кітаптан көрініс табады – кеңес төрағасы

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбыл облысынан 41 543 жауынгер ұрыс даласына аттанып, барлық майданда шайқасқан. Олардың 33 275-і туған жеріне қайта оралған жоқ. Қанды қырғында әулиеаталық 15 367 сарбаз ерлікпен қаза тапса, 17 639-ы хабар-ошарсыз кетті. 8 278 жауынгерге жеңісті, елді көру бұйырған.

Бұл жайында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаев айтып берді. Ол екінші дүниежүзілік соғыста өңірден 20 Кеңес Одағының Батыры, 7 бірдей "Даңқ" орденінің толық иегері шыққанын еске салды. Әр ұлттың өкілдерінен тұратын олар Әулиеатаның ғана емес, тұтас Қазақстанның даңқын асқақтатты.

Тағы бір ресми дерекке көз жүгіртсек, батыста соғыс жүріп жатқан уақытта Жамбыл облысында 320 мың тұрғын болса, оның 210 мыңы тылда еңбек етті. Олардың 88 620-сы әйел азаматтар еді, қалғандары қарттар мен балалар болатын. Шаруашылықтарды басқарған Байкелді Кейкиев, Хати Сауранбаев, жылқышы Қартабай Атшабаровтар мен егіс даласында аянбай еңбек еткен Сындыбала Оңғарбаева, Дариға Жантоқова, Наужан Дидарбекова, Алтынкүл Әлібаева, қазір де арамызда аман-сау жүрген, ғасыр жасаған Мәрзия Ибрагимова сынды бір шоғыр апаларымызға соғыстан кейін Социалистік Еңбек Ері ең жоғары атағы берілді, - деді Е.Солтыбаев.

Сол сұрапыл соғыс жылдарында одақтың беделі зор бас басылымы саналатын "Правда" газеті: "Қазақтар майданда жауға қарсы жанқиярлықпен соғысады, тылда олардың әкелері, балалары, әйелдері майдан үшін жұмысты аянбай жанкештілікпен істейді. Қазақстан өз жерінің барлық байлықтарымен, тауларының барлық асыл кендерімен қуатты тірек болып отыр", деп жазғанын, өзге республикаларға үлгі еткенін тарихтан білеміз. Жамбыл облысы да Қазақстанның осындай жоғары баға алуына өлшеусіз үлесін қосқан. Өйткені, тарихшылардың деректерінен өңір аумағында соғыстың алғашқы үш жылында ғана 81-ші, 105-ші ұлттық дербес атты әскер дивизиялары, 678-ші жеке атқыштар батальоны, 253-ші жеке инженерлік құрылыс батальоны, сондай-ақ, үш жұмысшы батальоны, бес теміржолшылар ротасы және санитарлық отрядтар жасақталғанын көреміз. Бұл әскери бөлімдер Сталинградтағы, Курск иініндегі шайқастарға қатысып, Берлинге дейінгі даңқты жауынгерлік жолдан жүріп өткен.

Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының айтуынша, аймақта майданда ерлік жасаған, тылда жанқиярлық еңбегімен танылған алдыңғы толқынағаларды ардақтау, олардың өнегесі негізінде жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу бойынша бұрын-соңды атқарылған істер аз емес. Аталған кеңес те осындай игі істердің ұйытқысы болып келеді.

Осы ретте өңірдегі ардагерлер кеңесінің құрылуының, қалыптасуының бастауында соғыс тозағын бастарынан өткерген ағаларымыз тұрғанын айтуға тиіспіз. 1987 жылдың 11 наурызында құрылған ардагерлер ұйымының алғашқы құрылтай конференциясында сайланған тұңғыш төрағасы Кәми Мәкеұлы Аханов, төралқа құрамына енген Жапар Түйебеков, Рахман Медеулов, Исраил Керімбаев, Өтеулі Досыбиев, Тілеуқабыл Төребековтер Ұлы Отан соғысының ардагерлері болатын. Бұлардың ішінде биыл 95 жасқа толған Тілеуқабыл ақсақалдан өзгелері әр жылдары өмірден озған. Ахановтан кейін ардагерлер кеңесін басқарған Сағи Жабасов та соғыс ардагері еді. Одан кейін ардагерлер ұйымына төраға болып Тілеуқабыл Төребеков сайланып, жиырма жыл басқарды. Осы ақсақалдан соң "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестіктің Жамбыл облыстық филиалына төраға болып сайланғалы мен де ағалар жолын лайықты жалғастыруға көп күш-жігер жұмсап келемін, - деді Еркінбек Солтыбаев.

Айта кеткенді жөн, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жұмысы өңірдегі қариялардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септесуге, оларға мәдени-тұрмыстық, медициналық және басқа да қызмет түрлерінің сапалы көрсетілуіне ықпал етуге, жастарды аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбек даңқы дәстүрінде және ата-бабаларымыздың үздік ұлттық құндылықтар үрдісі негізінде тәрбиеленуге, оларды қазақстандық патриотизм сезіміне баулуға қолдау көрсетуге, мемлекеттік органдармен, басқа да ардагерлерге қатысты қоғамдық ұйымдармен, бизнес құрылымдарымен байланысты дамытуға, сол сияқты аумақтағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жоспарларының іске асырылуына атсалысуға бағытталған екен.

Еркінбек Солтыбаевтың сөзінше, бүгінгі таңда облыста 127 мыңға тарта ардагер бар. Оның ішінде соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендердің жалпы саны 2 112-ні құрайды. 41 Ұлы Отан соғысының ардагері бар, ал мүгедектері – 22, майдангерлердің жесірлері 2-еу болса, тыл еңбеккерлері – 4 481. Ауған соғысында болған интернационалист жауынгерлер 1 000 азаматтың үстінде.

Соғыс көрген, жасы ұлғайған ардагерлерге керегі алдымен денсаулығына жасалатын қамқорлық қой. Ардагерлер кеңесі бұл мәселені үнемі басты назарда ұстайды. Аймақтағы барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендер медициналық тіркеуге алынған, оларға жан-жақты дәрігерлік көмек беріліп келеді. Медициналық емдеу және аурулардың алдын алу мекемелерінде күндізгі стационарлар жұмыс істейді. Қалалық және аудандық ауруханаларда ардагерлер үшін жатын орындар қарастырылған, олар тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Қажет болған жағдайда Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған клиникалық орталық госпитальге, Алматыдағы мүгедектерге арналған республикалық орталық клиникалық госпитальге жолдамамен барып, емделіп, сырқаттарынан сауығып отырады, - деді кеңес төрағасы.

Е.Солтыбаевтың сөзіне қарағанда, ардагерлерге қамқорлық жұмыстары олардың денсаулықтарын оңдау, дәрігерлік қызмет көрсетуді жолға қоюмен ғана шектеліп қалмайды. Үкіметтің 2013 жылғы 21 мамырдағы Қаулысына сәйкес, өңірдегі мерекелік және атаулы күндері соғыс ардагерлері мүгедектеріне, оларға теңестірілгендерге төлемдер беріледі. Жергілікті бюджеттерден де мүмкіндігінше сыйақы төленіп, өзге де қамқорлық шаралары көрсетіледі. Коммуналдық кәсіпорындар арқылы да жеңілдіктер қарастырылған. Ұлы Отан соғысы ардагерлері түгелдей дерлік пәтермен қамтамасыз етілген.

Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанында мәдениет, жастар, дін, Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы, тыл ардагерлері, білім, денсаулық сақтау, әйелдер ісі және кәсіпкерлікке баулу, әлеуметтік сала жөніндегі тұрақты комиссиялар, "Ардагерлер клубы", "Атадан қалған асыл сөз клубы", "Билер кеңесі", "Аналар алқасы", "Белсенді ұзақ өмір сүру" орталығы жұмыстарын жоспар бойынша ырғақты жүргізуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ақтау қаласына жұмыс сапары барысында мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбайұлының ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысып, сөйлеген сөзінде қазақстандық патриотизм ұғымы бәріміз үшін ұлттық құндылық болуы қажет екеніне, бүкіл идеология Отанды шексіз сүюге бағытталуы керектігіне тоқталған болатын. Ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиялар мүшелеріне сүйене отырып, осы бағытта нәтижелі жұмыстар атқаруда, ізденістерін жалғастыруда, - деді ол.

Өңірдегі қариялардың өкілі еңбегі мен өмір жолы өнеге, бейнетінің зейнетін көріп, ұрпағының амандығын тілеп, ел-жұртын береке, бірлікке шақырып, ақылдарын айтып отырған қазыналы қарттардың жас ұрпақ тәрбиесінде қоғамның арқасүйері болып келе жатқандығының сандаған мысалын келтіруге болатындығын айтты. Сонымен қатар аймақта 2015 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу жоғары деңгейде өткізілгенін еске салып, батырларды ұлықтап, ардагерлерге лайықты құрмет көрсетіп, ерліктері кең ауқымда насихатталғанын, небір тағылымды шаралар ұйымдастырылғанын жеткізді. Сол жылы соғыс және тыл ардагерлерінің бесеуі Тәуелсіз еліміздің жоғары марапаты – "Құрмет" орденімен, алтауы түрлі медальдармен, төртеуі Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, ал тыл ардагерлері түгелге жуық "Жеңістің 70 жылдығы" медалімен марапатталған. Әрбір майдангер, тыл ардагері, соғыс жесірі қаржылай сыйлыққа ие болған.

Отты жылдар каһармандарын ардақтауда Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі қоғамдық белсенділігімен танылған жеке азаматтардың көмегіне де сүйенді. Мысалы, Т.Рысқұлов ауданындағы "Парыз" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, ардагер ұстаз Әлі Бекқұлы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміз – 6 500-ден аса жауынгердің дерегін анықтап, "Қазақстан Ұлы Отан соғысында" жинағына ұсынды. Өлкемізден шыққан бірқатар танымал тұлғалар туралы кітаптар шығарған ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлының майдангер ағаларымыз Тілеуқабыл Төребеков, Уәтай Әлімходжаев, кезінде Тараз қалалық ардагерлер кеңесін басқарған Химан Яшев туралы жазғандары Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Жеңіс солдаттары. Қазақстан ҰОС жылдарында. 1941-1945" деген атпен мол таралыммен қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген кітаптың "Ардагерлер қатарында тура майдандағыдай" тарауына енді", - деді Еркінбек қария.

Жамбыл облысында бюджет қаржысына ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміз туралы "Боздақтар" көп томдық шығарылған. 2005 жылы Ұлы Отан соғысында ерлікпен шайқасып, елге аман-есен оралған, зейнет жасына жетіп, құрметке бөленіп отырған майдангерлер туралы "Ардагерлер" кітабы оқырман көзайымына айналған. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында 6 мыңнан аса қайтыс болған жауынгердің өмір деректері арқау болған "Ерлер есімі – ел есінде" деп аталатын үш томдық Зерде кітабы жарық көріпті. Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің атсалысуымен басылған бұл құнды дүниелерді аймақтағы барлық кітапханалар мен мектептерден тауып, оқуға болады.

Жақсы істің жалғасын тапқаны бір ғанибет қой. Ардагерлер кеңесі Жеңістің 75 жылдығы мерекесіне арнап альбом-кітап шығаруды қолға алды. Онда негізінен өңірдегі ардагерлердің қатысуымен өткен патриоттық шаралардан түсірілген түрлі-түсті фотосуреттер, арамызда аман-сау жүрген, алды ғасыр жасаған, облыс орталығы мен қалаларда, аудандарда тұратын санаулы ғана майдангердің, сондай-ақ балалық шақтары соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген, еңбекке ерте араласқан тыл еңбеккерлерінің бірқатарының фотосуреттері, қысқаша өмір деректері беріледі. Қатары жыл санап сиреп бара жатқан оларды құрметтеп, ардақтау – ұрпаққа парыз, - деп атап өтті Еркінбек Солтыбаев.

Аталған кітап-альбом Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен "Ерліктің даңқы мәңгілік" деген атпен республикалық баспадан таяу күндері жарыққа шыққалы отыр екен.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы