Жамбылдық 1 348 азамат 42 500 теңгесін қорға қайтарған

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы бойынша "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ биылғы бірінші тоқсанда 7 182 азаматқа жалпы сомасы 1,266 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем жүргізген.

Бұл туралы қордың өңірдегі филиалының директоры Нұрахмет Искаков айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, еңбек ету қабілетінен айырылған 309 адамға 3 млн 965 мың теңге шамасында қаражат аударылған. Ал асыраушысынан айырылған 64 отбасыға 1 млн 122 мың теңге бөлініпті.

Жұмысынан айырылуы бойынша 24 млн 193 мың теңге сомаға 66 адам қамтылды. Жүктілігі және босанғаны, жаңа туған баланы асырап алғаны үшін 2 576 жамбылдыққа 1 млрд 133 млн теңге көлеміндегі сома үлестірілді. Бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне 104 млн теңгенің үстінде қаражат бөлініп, бұл жәрдеммен 3 567 адам қамтылды, - деді ол.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республика аумағында төтенше жағдай режімін енгізу кезеңінде шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерін қорғау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында биылғы 1 сәуірден бастап кірісінен айырылуы жағдайына 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем жүргізіле бастағаны белгілі. Нұрахмет Сейдахметұлы осы ретте мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың жұмыскерлеріне аталған төлем төленбегенін жеткізді.
Жамбыл облысы бойынша 42 500 теңге әлеуметтік төлем тағайындауға 299 290 өтініш түсті. Алайда, сараптау, зерделеу жұмыстарынан кейін, жалпы сомасы 12,330 млрд теңге сомасындағы қаржат барлығы 290 141 адамға тағайындалды. Осылайша, карантин режімінің талаптарына сәйкес Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржысы есебінен халыққа ауыз толтырып айтарлықтай әлеуметтік жәрдем жасадық деп ойлаймын. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары аталған төлемді уақтылы және толық көлемде алды, - деп атап өтті қор филиалының басшысы.

Ол сонымен қатар, Жамбыл өңірінде 3 551 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тартылғанын айтты. Оның негізгі себептері сол, төтенше жағдай режімі енгізілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ әлеуметтік аударымдары түспеген. Екінші, екі және одан да көп жұмыс берушіден табыс тапқан, оның ішінде кәсіпкерлік қызметті қоса алғаны, еңбек немесе кәсіпкерлік жұмысын жалғастырғаны, қашықтықтан жұмыс істегені бар немесе төленетін демалыс берілген, төленетін жұмыстарының бірі тоқтап тұрған жағдай да
кездескен.

Тағы бірі өтініш берушілердің бюджеттен зейнетақы төлемдері мен жәрдемақы, сондай-ақ МӘСҚ әлеуметтік төлемнің басқа да түрін алуына байланысты болып отыр. Ал 42 500 теңге төлем төтенше жағдай режімі кезеңінде кірісінен айырылуы жағдайына байланысты беріледі. Бұл төлемді тағайындауға өтініш бергенде төтенше жағдай кезеңінде кірісінің болмауы туралы жалған ақпарат бергені үшін әрбір азамат жауапты болады, - деді Н.Искаков.

Оның мәліметіне қарағанда, Жамбыл облысында 1 348 азамат, яғни адал ниетті алушылар аталған төлемді төтенше жағдай режімі кезеңінде кірістерінің болуына байланысты өз еріктерімен қайтарыпты. Ал қор филиалынан 8 адам осы уақытта халықты әлеуметтік қолдауға өз үлестерін қосқан.

Жалпы экономикалық және әлеуметтік тәуекелдер аяқ астынан болуы мүмкін. Сондықтан сақтандырылған адам жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда басымдыққа ие екенін ұмытпаған жөн. Егер жұмысқа тұрғанда әрбір азамат ресми түрде еңбек шартын жасаса, онда жұмыс беруші автоматты түрде өзінің қаржысы есебінен МӘСҚ әлеуметтік аударымдарын төлейді. Әлеуметтік тәуекелдер туған жағдайда аталған азаматтар мемлекеттен тиісті әлеуметтік көмек ала алады, - деді Нұрахмет Сейдахметұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы