Жамбылдан Мақтааралға тағы гуманитарлық көмек жөнелтілді

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. "Nur Otan" партиясының Жамбыл облыстық филиалы "Жамбылдық нұротандықтар - мақтаралдықтармен бірге!" ұранымен Түркістан облысына қарасты Мақтарал ауданындағы су тасқыны қиғасынан зардап шеккендерге 15 тоннадан астам азық-түлік пен бірінші кезектегі қажет тауарларларды жөнелтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға аталған аудандағы тұрғын жайлар мен инфрақұрылымды дереу қалпына келтіруді, ондағы халыққа әлеуметтік көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырғаны белгілі. Төтенше жағдай болған алғашқы сәттерден бастап «Nur Otan» партиясы, оның ішінде Жамбыл облыстық және аумақтық филиалдары бұдан тысқары қалған жоқ. Партия филиалы мен оның мүшелері үй-жайлары су астында қалған көпшілікке барынша жәрдем беру үстінде. Бұл жайында филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев айтты.

Еліміздегі іргелі ұйымның Жамбыл облыстық, Тараз қалалық, аудандық филиалдарының белсенді мүшелері Түркістан облысына 15 тоннадан аса гуманитарлық көмек, оның ішінде азық-түлік пен бірінші кезектегі қажет тауарларды салып жіберді. Сонымен қатар, Мақтарал аудандары тұрғындарының сұраныстары бойынша "Кедергісіз келешек" жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға және балаларға арналған көпбейінді қоларбаны арнайы алдыртып, жолдады, - деп атап өтті ол.

Партия Тараз қалалық филиалының "Сенім", "Алау", "Агроспецстрой", "Өрлеу", "Тараз-Арена", "Нұр бастау" бастауыш партия ұйымдары мен өңірдегі бірқатар кәсіпкерлер де көп сақталатын пастерленген сүт, түрлі сүт және макорон өнімдері, балаларға бөтелкелер, жуынатын ыдыстар, темір және пластмасса шелектер, сүлгілер, тұрмыстық техника, гигиеналық заттар, балалар мен ересектерге, нәрестелерге арналған көктемдік, жаздық жаңа киім-кешектер, аяқ киімдер, ыдыс-аяқтар, азық-түліктерді арнайы ауыр жүк көлігіне тиеп, Түркістан облысының Мақтарал ауданына жіберді.

Атап айтқанда, "Тараз май" ЖШС – 500 л сұйық май, "Рола7" ЖШС – 1 тонна макарон өнімдерін, "Бурный сүт компаниясы" ЖШС – 3 тонна пастерленген сүт, 300 кг сары май және тағы басқалары түрлі өнімдермен, тұрмыстық техникаға қажетті заттармен көмек көрсетті. Соның ішінде Тараз қаласындағы "Вкусная корзинка" ЖШС, партияның Жуалы, Қордай, Меркі аудандық филиалдары ерекше атсалысып, қиналып отырған көршілес ағайынға жәрдемдерін аяған жоқ, - деді Б.Нарбаев.

Партия облыстық филиалы жанындағы "Jas Otan" жастар қанатының 25 еріктісі осы заттарды жүк көлігіне тиеп, Мақтарал ауданына алып кетті. Жасотандықтардан құралған еріктілер сонымен бірге су тасқыны болған аймақ халқына көмек көрсетіп, жәрдемдесетін болады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы