Жамбылдағы жарылыста қаза тапқандардың несиелері кешірілді – Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Жамбыл облысының басшысы Бердібек Сапарбаев айтты.

Оның айтуынша, жергілікті билік бұдан өзге де көмек көрсету шараларын қолға алған.

Банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жүргізілген жұмыстарымыз нәтижесіз аяқталған жоқ. Төтенше оқиға салдарынан қайтыс болған қарыз алушылар мен олардың артында қалған жесірлерінің берешектерін толық көлемде есептен шығару жөнінде бірыңғай шешім шықты. Бүгінгі таңда 47 несие бойынша берешек толығымен өтелді, - деп атап өтті Бердібек Машбекұлы.
Ол атағандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жалпы 170 млн теңге қаражат бөлсе, бұл мақсатқа қазынадан 85 млн теңге қарастырылған.
Байзақ ауданындағы жарылыс салдарынан көз жұмған азаматтардың әрқайсысының отбасыларына үкіметтік қордан 10 миллион және жергілікті бюджет есебінен 5 миллион, жалпы 15 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Бұл қаражаттың барлығы төтенше оқиға кезінде мерт болған азаматтарымыздың шоттарына толық көлемде аударылды, - деді Сапарбаев.
Айта кетейік, Байзақ ауданында орналасқан 28349 әскери бөлімі аумағында 26 тамыз күні болған өрт пен жарылыс кезінде 17 азамат көз жұмған болатын. 1 адам хабар-ошарсыз кеткен. Қаза болғандардың арасында Төтенше жағдайлар департаментінің, прокуратура қызметкерлері мен әскери қызметшілер бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы