Жамбылдағы жарылыс туралы естіген соң, отставкаға кетемін деп шештім – Ермекбаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетуді ұйғарғанын айтты, деп хабарлады Азаттық Радиосы.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Азаттыққа отставкаға кетуді ұйғарғанын айтты. Ермекбаев бұл шешімін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылыстан 4 әскери қаза тауып, ондаған адам жараланғанын, бірнеше кісінің хабар-ошарсыз кеткенін хабарлаған баспасөз мәслихатынан кейін мәлімдеді.
Тілші баспасөз мәслихатынан кейін министрге жеке сұрақ қойды.
Жиын барысында сұрақтар ретінде сізге бір сұрақ қойылмай кетті. Сіздің министр болып тұрған кезіңіздегі бұл екінші оқиға ғой. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде сізді «отставкаға кетсін» деген бір талаптар айтылып жатыр. Осыған қатысты не айтасыз?, - деп сұрады тілші.
Қорғаныс министрі оқиғаны естіген кезде бірден қандай шешім қабылдағанын айтты.
Қазіргі менің ең басты мақсатым – осы апаттың салдарын тез арада жою. Ал енді сізді отставка мәселесі қызықтыратын болса, мен осы хабарды естіген соң бірінші минутта өзім үшін шешім қабылдадым, мен отставкаға беремін, отставканы сұраймын. Ал қалғанын жоғарғы басшылық шешеді, - деді Нұрлан Ермекбаев.