Жамбылдағы жарылыс: Қорғаныс министрлігі із-түзсіз жоғалған сарбазға қатысты түсініктеме берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің отырысынан кейін кулуарда Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов Жамбыл облысындағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін жоғалып кеткен сарбазды іздеуге қатысты пікір білдірді.
Тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша ақпарат беріледі, - деп айтты Қорғаныс министрлігінің өкілі.
Жарылыстан кейін із-түссіз жоғалып кеткен сарбазды неге ұзақ уақыт бойы табылмай жатқанына қатысты қойылған сұраққа жауап берді.
Келісемін, тергеу жүріп жатқанына көп уақыт болды. Мұны түсініп, анықтап алу керек. Оқиға орнына барып, сараптау қажет, - деді Тұяқов.
Сонымен қатар министрдің орынбасары іздеу жұмыстарының жарылыс болған сәттен бастап жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сарбаздың жарылып кеткені «екіталай» екенін айтты.
Еске сала кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысының әскери қоймаларының бірінде жарылыс болды. Жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны он жеті адамға жетті. Оның ішінде 10 азаматтық қорғау органдарының қызметкері, Қорғаныс министрлігінің 6 әскери қызметкері және бір әскери прокурор бар.