Жамбылдағы жарылыс: Министр 10-нан астам жарылыс болғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Жамбыл өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев хабарлады. Апаттың хронологиясына тоқталған ведомство басшысы жарылыстың қуатына тоқталды.

Оқиғаның хронологиясына тоқталар болсақ: 26 тамыз күні 18:45-те инженерлік оқ-дәрілер сақталған қоймада жарылыс болды. Өртті ауыздықтауға үш есеп құрамында әскери бөлімнің өрт командасы шұғыл кірісті. Әскери бөлімнің кезекшісі Оңтүстік аймақтық қолбасшылығының шұғыл кезекші басқармасының қолбасшысына бірден хабарлады, - деді Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев. 

Өрт сөндіруге 500 адам жұмылдырылған, артынша 1000 адамға дейін көбейтілген. Қорғаныс министрлігі мен ТЖМ 24 өрт сөндіру көлігі апатты жоюға көмектескен.

Өрт сөндірушілердің жұмылдырылған күшіне қарамастан өрт басталған соң бір сағат өткенде жарылыс болған. Барлығы салыстырмалы кішігірім қуаттылықта 10-нан астам жарылыс болды. Бұл базада инженерлік оқ-дәрілер сақталған. Олардың бір бөлігі екі жыл бұрын Арыс қаласынан әкелінген, - деді министр. 

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні сағат 19:00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрілер сақталған қоймалардың бірінде өрт шыққан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы