Жамбылдағы жарылыс: Қайтыс болғандардың отбасыларына наградалар табыс етілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында әскери қоймадағы өртті сөндіру барысында қайтыс болған құтқарушылар мен әскери қызметшілерді марапаттады.

Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті.

Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және қала әкімі Мұрат Әйтенов Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі-құтқарушысы Тұрманов Жәнібек Жасұзақұлының ағасына ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті. Шара түске дейін Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде өтті.


Түстен кейін Юрий Ильин Жамбыл облысының Тараз қаласына барды. Төтенше жағдайлар министрі мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қайтыс болған өрт сөндірушілерінің туыстарына мемлекеттік наградаларды табыстады.


Әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін марқұм Заикин Сергей Владимирович Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы І дәрежелі «Айбын» орденімен, № 4 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері-құтқарушылары Әділбек Әділет Қанатбекұлы мен Кеңес Әліби Бексұлтанұлы, № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің автомобиль жүргізушісі-қызметкері Қуатбек Ғафан Жомартұлы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.


Шараға қатысушылар жарылыс салдарынан қайтыс болған өрт сөндірушілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.


Юрий Ильин Жамбыл облысында болған қайғылы оқиға салдарынан қайтыс болған өрт сөндірушілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Министр өз сөзінде азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері олардың отбасыларына алдағы уақытта да қолдау көрсететінін, ал балалары Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына түсуге ниет білдірсе, көмек көрсетілетінін атап өтті.


Еске сала кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысының әскери қоймалардың бірінде жарылыс болды. Жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны он жеті адамға жетті. Оның ішінде 10 азаматтық қорғау органдарының қызметкері, Қорғаныс министрлігінің 6 әскери қызметкері және бір әскери прокурор бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы