Жамбылдағы жарылыс: Із-түзсіз жоғалған сарбазды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің кулуарында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі жарылыстан кейін жоғалып кеткен сарбазды іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
Мен оның туыстарымен кездестім. Қысқы кезеңде ауа райының қолайсыздығына байланысты іздеу жұмыстарын тоқтаттық. Біз кәдеге жарату жұмыстарын, сәйкесінше іздестіру жұмыстарын да бастадық. Бұл әскери қызметкердің сүйегі туралы айтқым келмейді, бірақ іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Егер ол жарылыс ошағында болса, онда одан ештеңе қалмауы мүмкін, - деп айтты министр.
Министр жұмыс көлемі ауқымды екенін және бұл жұмыстар адам күші мен уақытты қажет ететінін атап өтті.
Біз әскери қызметкердің отбасынан оны қайтыс болды немесе хабарсыз кетті деп тану туралы ұсыныс жасадық. Егер солай танысақ, онда Қарулы Күштер тарапынан төлемдер болар еді. Бірақ біз отбасының жағдайын түсінеміз. Сол себепті іздеу жалғасып жатыр, - деп түсіндірді Руслан Жақсылықов.
Оның сөзінше, іздеу жұмыстарын Қорғаныс министрлігі ғана емес, сонымен қатар ішкі істер органдары да жүргізіп жатыр.