Жамбылдағы жарылыс: БҒМ эвакуацияланған балаларды «Балдауренге» жіберуді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында зардап шеккендердің арасында балалар жоқ. Эвакуацияланған балаларға қажетті жағдайлар жасалды. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне келіп түскен ақпаратқа сәйкес Жамбыл облысында (Байзақ ауданы) зардап шеккендердің арасында балалар жоқ. Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жақын маңдағы елді мекендерден Тараз қаласына, сондай-ақ Байзақ ауданының Сарыкемер және Кеңес ауылдарына 83 баланы эвакуациялады, - делінген хабарламада.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша түнде оқиға орнына Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Е.Н. Иманғалиев барды. Сондай-ақ оқиға орнында Білім және ғылым министрлігінің білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаментінің өкілдері де жұмыс істеп жатыр.

Мәліметке сәйкес жвакуацияланған балаларға қажетті жағдайлар жасалды, олар ыстық тамақпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Ұйықтайтын орындар карантин талаптарын ескере отырып жабдықталды.

Эвакуацияланған балаларға қолдау көрсету үшін БҒМ ата-аналарға балаларын «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жіберуді ұсынды. Орталықта барлық жағдай жасалған. Мұндай тәжірибе бұрын болған төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылған, - деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, балаларға жедел көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін Білім және ғылым министрлігі шұғыл түрде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желілердің жұмысын ұйымдастырды: «Bala gorqau» телеграмм-чат 87025642168, 87012100238, 87172742528.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы