Жамбылда жол апатына түскен өзбекстандықтар елдеріне аман-есен жөнелтілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 14 мамырда түнгі сағат 02-00-де Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Азизбек Латифжонов бастаған жедел топ колоннамен Жамбыл облысы Жуалы ауданынан 8 жедел медициналық жәрдем көлігі және 1 «Ванхолл» маркалы жолаушылар автобусымен Өзбекстан Республикасына жөнелтілді.
Автокөліктерде 13 зардап шеккен адам, уақытша орналастыру пунктіндегі 7 және 2 қаза тапқан адам бар.
Өзбекстан ТЖ министрінің орынбасары Жамбыл облысындағы әріптестеріне және өз отандастарын құтқаруға жұмылдырылған барлық қызметтерге алғысын білдірді. Таңғы сағат 07:15-те колонна Қазақстан Республикасының шекарасынан өтті. 1980 және 1965 жылдары туған Өзбекстанның екі азаматы Жуалы ауданы ауруханасының жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 12 мамырында сағат 15:46-да Жамбыл облысының Жуалы ауданында «Алматы-Ташкент» автожолының 571 шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алған болатын. Салдарынан екі адам оқиға орнында қайтыс болып, 16 адам түрлі жарақаттармен Жуалы ауданының орталық аудандық ауруханасына жатқызылды. Салонда барлығы 51 адам болды, оның 46-сы Өзбекстан азаматтары.
Жамбыл облысы ТЖ департаментінде «жедел желі» телефоны жұмыс істеді. Жергілікті атқарушы органдардың күшімен мәдениет үйінің базасында эвакопункт және ыстық тамақ ұйымдастырылып, оған 32 адам орналастырылған болатын.