Жамбылда жерді жалға беру жүйесі электронды форматқа көшіріледі

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде үздік технологиялар мен озат тәжірибелер қолға алынып, барлық салада цифрландыру шаралары атқарылуда.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бахтияр Көпбосынов айтты. Оның пайымынша, цифрландыру өз кезегінде жаппай бюракратияны жоюды көздейді. Дегенмен, Мемлекет басшысы биылғы 11 қаңтар күні Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде осынау маңызды шараның өз жемісін бермей отырғандығын атап өтті. 

Осы орайда, ел Президенті ақпараттық жүйені интеграциялау мемлекеттік органдарды қағаз бастылықтан арылтып, қоғамның мемлекеттік органдарға сенімін арттыруы тиіс екенін айтты. Сондықтан да бизнеске жер учаскелерін таңдау және бөлу рәсімдерін цифрлық форматқа көшіру бағытанда Жамбыл облысында «E-Jambyl» доменді атауымен өңірлік геоақпараттық жүйе құрылды. Жүйеде облыстың барлық аудандарының, ауылдық округтерінің және қалаларының аумағынан бос жер учаскелерін көру мүмкіндігі қарастырылған, - деді Бахтияр Бейсембайұлы.

Ол өңірлік геоақпараттық жүйеде халыққа қол жетімді ақпарат алу мақсатында аймақтағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Осы шаруаның барысында анықталған 1,1 млн гектар бос жер учаскелері жүйеге орналастырылған. Мұның 20,8 мың гектары егістік алқаптар болса, 7 мың гектары шабындық, 1,07 млн гектары жайылымдық аймақ екен.

«Сондай-ақ, геопорталға кәсіпкерлік мақсатындағы бос жер учаскелері де орналастырылды. Бұл өз кезегінде, аудан, қала тұрғындары ішінен кәсіпкерлікпен айналысуға ниеті бар азаматтарға жер учаскесін көруге және таңдауға мүмкіндік туғызады деген сенімдеміз», - деп атап өтті жауапты маман. 

Б.Көпбосыновтың айтуына қарағанда, қазіргі таңда жер қатынастары саласында халыққа 10 мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілуде. Аталған «E-Jambyl» геоақпараттық жүйесінде де сол қызметтерді цифрландыруға қатыстыбіршама жұмыстар атқарылған. Нақтылай айтқанда, 8 мемқызмет автоматтандырылыпты. Олардың ішінде, жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру, жер учаскесін алу үшін кезекке қою, сауда-саттық өткізуді талап етпейтін мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтар алу сынды қызметтер бар. 

Сонымен қатар жер учаскесін жекеменшікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеуге сату, іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру, жер учаскелерінің бөлінетін-бөлінбейтіндігін айқындау, бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын келісу және беру сияқты қызметтер де автоматты жүйеге енді. «E-Jambyl» геоақпараттық жүйесіне жер қатынастарына қатысты барлық мәліметтер орналастырыдғанын да атап өту керек. Ең бастысы, олар үнемі жаңартылып отырады. Бүгінде бұл жүйені аймақтағы цифрландыру басқармасы жүргізеді, - деді Бахтияр Бейсембайұлы.

Оның айтуынша, облыста ашықтықты қамтамасыз ету және жемқорлықтың алдын алу немесе жою мақсатында, аукциондар мен конкурстардың қағаз жүзінде жүргізіп, сауда-саттыққа қатысушылардың наразылығын болдырмау үшін кешенді шаралар жүзеге асуда. Айталық, 2020 жылдан бастап «Ақпараттық-есеп орталығы» АҚ-мен келісім жасалып, аукциондарды өткізу электронды форматқа көшірілген. Қазіргі кезде бұл шара Мемлекеттік мүлік реестрі веб-порталы арқылы жүргізіледі. 

Жердің сауда-саттығын өткізу жөніндегі хабарлама жергілікті атқарушы органның, басқарманың және Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайттарында жарияланатындықтан, сауда-саттыққа қызығушылық танытқан еліміздің барлық аумағының тұрғыны қатыса алады. Ендігі кезекте жерді жалға берудің конкурстық жүйесін электронды форматқа көшіруге дайындық жұмыстары атқарылып жатыр. Айта кетерлігі, өткен жылы аймақта 15 аукцион ұйымдастырылып 104 жер учаскесі 170,9 млн теңгеге сатылды, - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, өңір тұрғындарының жерге кезектілігі де электронды жүйеге көшірілген. Оған izhs.uzo-zhambyl.kz сайты арқылы қол жеткізуге болады. Бұл ғаламтор көзіне кез келген азамат өзінің жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы кіре алады. Қазіргі кезде кезектіліктің электронды жүйесі Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алушылардың бірыңғай республикалық реестріне азаматтардың кезектілігі мен жер учаскесін алғандығы туралы тізімі енгізілген. Бұл өз кезегінде елдің басқа өңірлерінен жер учаскесін алған тұлғаларды тізімнен шығарып, кезектілікті өзектендіруге мүмкіндік беретін көрінеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы