Жамбылда жақсы жолдардың үлесі 90%-ға жетеді
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда біздің алға қойып отырған басты стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі дамыған 30 озық елдің қатарына қосылу.
Ол үшін тиісті бағдарламалар қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ көлік-логистикасын және басқа да қызмет көрсету секторларын ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жандандыру керектігіне баса мән берілуде.
Жамбыл облысы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков осылай деді.
Оның сөзінше, өткен жылы өңірдегі автомобиль жолдарын жақсарту мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттерден 14,8 миллиард теңге қаралған. Бұл қаражат есебінен 606 километр автомобиль жолы мен ауыл ішілік көше орта және күрделі жөңдеуден өткен. Жаңа құрылыс – 16,2, қайта жаңғырту – 10,2, күрделі жөндеу – 30, орта жөндеу 550 километр жолдарға жүргізілген.
Оның ішінде облыстық – 209,1, аудандық маңыздағы автомобиль жолдары – 191,4, елді мекен көшелері 206 километрді құрайды. Тараз қаласында 138 көше мен бұрылысқа жаңа асфальт жабыны төселіпті.
Автомобиль жолдарын жөндеу бойынша 45 жоба "Нұрлы жол" бағдарламасы, 55 жоба "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында іске асырылды. Бұдан бөлек, өткен жылы 3 ірі жобаны қолға алдық. Алғашқысы, ұзындығы 16,1 километрді құрайтын "Қырғызстан шекарасына Тараз қаласын оңтүстіктен айналма" автомобиль жолының құрылысы болса, екіншісі – облыстық маңызы бар "Тараз–Сарыкемер–Түймекент–Ақшолақ" автожолының 3,4-14,4 киломертлерін қайта жаңғырту. Соңғысы, "Тараз-Жетібай–Тегістік–Ойық" автожолының 1,7-7 километрін қайта жаңғырту жұмыстары. Соңғы екі нысан биылғы жылға өтпелі болса, бірінші жобаны 2021 жылы аяқтау көзделген, - деді басқарма басшысы.Б.Жәнібековтің сөзіне қарағанда, былтыр жүргізілген жол құрылыстарының есебінен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдарының үлесі 85 процентке артқан. Ал биыл автомобиль жолдарын орта және күрделі жөндеуден өткізу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 10,5 миллиард теңге бөлініпті. Бұл қаржы есебінен жергілікті маңызы бар жолдарда жаңа жол құрылысы – 18, қайта жаңғырту – 6,1, орта жөндеу 333,6 километр автомобил жолдарында жүргізіледі. Оның ішінде облыстық – 209,1, аудандық маңызы бар автомобил жолы – 191,4, елді мекен көшелері 52,74 километрді құрайды екен.
Биыл жол жөндеуге қатысты 61 жобаның 23-і "Нұрлы жол" бағдарламасы, 21-і "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында іске асырылады. Осының есебінен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдардың үлесін 85-тен 90 процентке жеткізу межеленген. Бұдан бөлек, Тараз қаласы көшелерін жөндеу үшін облыстық және қала бюджеттерінен 50/50 процент паритетімен қаржыландыруға 1,1 миллиард теңгеге 34,6 километр көше жолын орта жөндеуден өткізу жоспарлануда. Бұл жобалар Тайвань, Шалғай Қарасу, темір жолдың арғы жағын және орталық көшелерді және қоғамдық көлік қатынайтын, әлеуметтік нысандар орналасқан (мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысандары) жолдарды қалпына келтіруді қамтитын болады, - жергілікті әкімдік өкілі.Бақытжан Жәнібеков өңірде жолаушы тасымалымен 29 жеке кәсіпкер ұзақ жылдан бері тұрақты айналысып келе жатқандығын да алға тартты. Олардың еншісіндегі 1 329 автобус 202 бағытта халыққа қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда жолаушыларға қызмет көрсету деңгейін арттыру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тасымалдаушылар соңғы жылдары автобус парктерін жаңартуға елеулі көңіл бөліп келеді екен. Бүгінде адам тасымалымен айналысатын автобустың 690-ның пайдалану мерзімі 7 жылдан жоғары болса, 2018 жылы – 71, 2019 жылы 70 жаңа автобус сатып алынған.
Облыс бойынша тұрғындар саны 100 адамнан асатын 355 елді мекеннің 341-і, яғни 96 проценті автобуспен қамтылған. Ал өңірде 1 автовокзал, 10 автостанса және 7 жолаушыларға қызмет көрсету пункті ашылып, олар 80-нен астам бағытта халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Оның ішінде 1 автовокзал, 3 автостанса және 2 пункт Тараз қаласында салынды, - деген басқарма басшысы қазіргі таңда Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру жүйесін енгізу бойынша 7 компания қаржылық ұсыныс бергенін жеткізді.
Соның ішінде, "Орталық диспетчерлік қызмет" ЖШС тиімді шарттар ұсынып отырған көрінеді. Бұл серіктестік ұсынып отырған құрылғылар мен оны орнатуға кәсіпкерлер тарапынан төрт жақты өзара ынтамақтастық меморандумы әзірленген. Қалалық жолаушы бағыттарындағы тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көліктердің жүру кестесін, жылдамдықтың сақталуын бақылап отыру үшін автобустардың барлығына навигациялық бақылау жүйесі (GPS) енгізілген. Сондай-ақ тұрғындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық автобустың бағыттарын бақылап отыруға арналған "Taraz-bus" мобильдік қосымшасы іске қосылды.