Жамбылда улы газдан жапа шеккендер 6 есеге азайды
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында жылу беру жүйелері температуралық кестеге сәйкес жұмыс істеуде, жылыту маусымы технологиялық ақаусыз тұрақты қызмет атқарып жатыр.
Бұл туралы өңірдегі ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Талғат Айтбаев айтты. Оның мәліметінше, аймақтағы 9 отын энергетикалық кешені, 444 автономды қазандық, 3 285 әлеуметтік маңызы бар нысан штаттық режимде қызме етуде. Өңірдегі жылумен жабдықтау кәсіпорындарында 340 шақырымды құрайтын жылу жүйелері, 13 400 шақырымдай электр желілері, 5 700 шақырым болатын газ құбыры бар.
Жылыту кезеңінің басынан бастап, яғни былтырғы 15 қазаннан бері тұрғын үй секторында 126 өрт болды. Бұл өткен жылғы жылыту кезеңіне қарағанда 35 %-ға кем. Алайда, өрт жағдайларынан жарақат алғандардың саны 3 дерекке артып отыр, ал қаза тапқандар 1 адамға көп. Былтыр 4 адам зардап шексе, 5 тұрғын көз жұмған болатын. Улы газдан қаза болғандар саны 1 адамға, жарақат алғандар саны 6 есеге азайды. Алғашқы сан өткен жылы 2-еу болса, кейінгісі 31 еді, - деп түсіндірді Талғат Шәкенұлы.
Биылғы жылыту маусымында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері «ҚазТарнсГазАймақ» АҚ филиалы, еріктілер және жергілікті полиция қызметі өкілдерімен бірлесіп 74 653 тұрғын үйді аралап, 108 мыңнан астам адамды түсіндіру жұмыстарымен қамтыған екен. Профилактикалық тексеру жұмыстарының барысында 2 182 тұрғын үйде негізінен электр техникалық желілері мен жабдықтарын, автономды жылыту жүйелерін пайдалануға байланысты 2 979 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылық анықталған.
Әлеуметтік ахуалы осал топтарға жататын азаматтардың тұрғын үйлеріне 948 улы газ құрылғысы мен 240 табиғи газ құрылғысы орнатылды. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл облыстық филиалы көгілдір отынмен жылынатын тұрғын үйлерге 16 312 газ талдағыштарын қойды. Тараз қаласы мен аудан әкімдері 105 аз қамтылған отбасылардың жеке үйлерінің жылыту пештеріне жөндеп, 98 тұрғын үйдің жарамсыз электр сымдарын ауыстырды. Сонымен қатар 11 тұрғын үйдегі мұржаларды тазарту жұмыстарын жүргізді, - деді жауапты маман.
Ол пәтер иелері кооперативтері өкілдері газ-электр шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп, халық арасында 1 134 жиын ұйымдастырғанын, 17 386 азаматқа кеңес бергенін жеткізді. Бұл іс-шаралар барысында электр жабдықтарын пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережелері, тұрғындардың өртке қарсы нормалар мен тұрғын үй-жайларға жылу беру пештерін, газ баллон қондырғыларын орнату және ұстау кезіндегі талаптар түсіндірілген.
Тұрғын үй ұйымдарының басшыларын, яғни пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері ұйымдары жетекшілерін көп пәтерлі тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша 3 рет оқыту семинары өтті. Сондай-ақ 149 мектептің 6 971 оқушысының қатысуымен 71 интерактивті сабақ ұйымдастырылды. Облыс аумағындағы бақылаудағы 617 объектіде 8 385 қызметкерді қамтып, өртке қарсы нұсқаулық өткіздік, - деп атап өтті Талғат Айтбаев.