Жамбылда ұлттық сусындардың этнофестивалі өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Байзақ ауданында «Қымыз fest, шұбат fest» ұлттық сусындардың этнофестивалі өтті.
Ерекше шараға ауданға қарасты 7 ауылдық округтердегі бие байлап, қымыз ашытатын қыз-келіншектер қатысып, өнімдерін ұсынды.
«Орынкүл» бөбекжай бақшасының ұжымы тіккен ақшаңқай киіз үйден тұрғындар емдік сусын мен ұлттық тағамнан дәм татты. Суханбаев, Бурыл, Қостөбе, Түймекент ауылдық округтерінің қымыз өндірушілері сары қымызды сапырып, көпке ұсынды. Темірбектік түйеші Рая Читанова баптаған шұбатқа жұртшылық риза болды. Әсіресе, Қостөбе ауылдық округінен келген қолөнер шеберлері Бибігүл Шуақбай мен Базаркүл Ысқақованың қолынан шыққан жастық, көрпеше, сөмкелер, құрақ көрпе, қоржын түрлері, қыз балаға арналған ұлттық киімдерді алушылардың қатары қалың болды.
Іс-шара барысында қымыз ішуден жарыс, арқан тарту, асық ату,ләңгі тебу сынды ұлттық ойындар да ұйымдастырылды.
Әділқазылар алқасының төрағасы, ақын Қасқырбай Нарбатыр фестивальдің маңыздылығына тоқталып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жеңімпаздарға Алғыс хат және сыйлықтар табыстады.