Жамбылда такси жолаушысынан 5 келідей есірткі тәркіленді
Жамбылдық полицейлер такси жолаушысынан шамамен 5 келі есірткі затын тәркіледі, деп хабарлады BAQ.KZ.
Жамбыл облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау дерегін анықтады.
"Меркі-Шу-Бурылбайтал" трассасының 260-шақырымында аумақты патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері "Honda Accord" маркалы автокөлігін тоқтатты. Автокөліктің багаж бөлігінен жолаушы болып келе жатқан Астана қаласының 38 жастағы тұрғынына тиесілі, жалпы салмағы 4 келі 700 гр кептірілген марихуана салынған полиэтилен пакеті табылды. Ұсталған адам өз кінәсін толығымен мойындады. Оған қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады, - делінген ведомство мәліметінде.
Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіледі. Осы баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарды есірткі заттарын заңсыз тасымалдағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертеді. Егер, Сізде есірткі қылмысы туралы ақпарат болса, жедел түрде полицияның "102" нөміріне хабарласыңыз.