Жамбылда соңғы 2 жылда пара берудің 113 фактісі тіркелген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы 2 жыл ішінде Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлық ретінде пара берудің – 113, парақорлыққа делдал болудың – 79, әртүрлі құқыққа қайшы бизнес жұмысына араласудың 34 дерегі тіркелген.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Әділхан Әшірбаев айтты.

Департамент басшысы Мемлекет басшысының пара берушілер мен делдалдарға жауапкершілікті күшейту туралы тапсырмасының халықаралық озық тәжірибеге толық сәйкес келетінін атап өткен.

Пара берушілер де, пара алушылар да қатаң жазаланатын болады. Парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін бірнеше рет, не қылмыстық топпен немесе өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған адамдарға да осындай, қауіпсіздігі төмен қоныс-колониясында жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі және шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу түріндегі қатаң шаралар қолданылатын болады. Бас бостандығынан айыру мерзімдерінің ұлғаюынан басқа, пара бергені және парақорлыққа делдал болғаны үшін, айыппұл мөлшері де бірнеше есеге өсті, - деді Әділхан Әшірбаев.

Ә. Әшірбаев өз сөзінде ел азаматтарын мәселелерін заңсыз сыйақы төлеу арқылы шешуден бас тартуға шақырды.

Бұл үшін қатаң қылмыстық санкциялар қарастырылған. Президент өзінің қыркүйектегі Жолдауында, мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі жасау мемлекетке қарсы ауыр қылмыс ретінде қабылдануы керек деп атап өтті, - деді департамент басшысы.

Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту мен қорғау әрқашан ел басшылығы саясатының басымдығы екендігін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де осы міндетті шешуге бағытталғандығын айтты.

2018 жылдан бастап агенттік Сыртқы істер министрлігімен «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнес пен инвестицияларды қорғау бойынша арнайы жобаны іске асырып келеді. Бүгінде инвестицияның жалпы сомасы 517 млрд асатын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеудің» 36 бизнес-жобасы бар. Енді құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бизнеске араласқаны үшін 2 жылдың орнына 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қолдану қаупі бар. Құқық қорғау органдары басшылығының және судьялардың осындай әрекеттерді жасауы одан да қатаң жазаға, яғни 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады, - деп мәлімдеді Ә. Әшірбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы