Жамбылда "шетелдік көлікті рәсімдеймін" деп ақша алған алаяқ ұсталды

Таразда Полиция басқармасына облыс орталығының тұрғыны осы жылдың сәуір айында белгісіз ер адамның шетелдік нөмірі бар автокөлігін ҚР есебіне қоюға уәде етіп, сенімін теріс пайдалану жолымен оның 137 000 теңге көлеміндегі ақшасын иемденіп кеткені туралы шағыммен жүгінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері 34 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. Ер адам кінәсін мойындады.

Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы баптың санкциясы бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Жамбыл облысының Полиция департаменті алаяқтардың құрбаны болып қалмас үшін қолданыстағы заң талаптарын айналып өту жолдарын іздемей, оны бұлжытпай орындау керектігін ескертеді. Барлық қызметті мемлекеттік органдардан алу қажет. Олай болмаған жағдайда, заңды рәсімдерді айналып өтуге тырысу екі тарап үшін де қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, - делінген Жамбыл облыстық ПД хабарламасында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы