Жамбылда қатерлі ісікке шалдыққан 8 740 науқас есепте тұр
4 ақпан – Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні. Жыл сайын 4 ақпанда Дүниежүзілік қатерлі ісікпен күрес күні атап өтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, осыған орай, бүкіл елде 2024 жылдың 1-10 ақпан аралығында онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте диагностикалау жөнінде онкүндік өтуде.
Ондағы мақсат – қатерлі ісік ауруларының алдын алу, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, скринингтік тексерулер кезінде онкологиялық ауруларды ерте анықтау: білім деңгейін арттыру арқылы ауруға қарсы сақтықты қалыптастыру.
Жамбыл облысында 2023 жылдың қорытындысы бойынша қатерлі ісіктері бар 8 740 (2022 жылы – 8 216) науқас есепте тұр. Ауру құрылымында бірінші орында өкпе обыры - 18,6%, ұйқы безі обыры - 10,5%, асқазан обыры - 9,9%, простата обыры - 6,8%, бүйрек обыры - 6,8%, тоқ ішек обыры - 5,5%, бауыр обыры - 4,9%, сүт безі обыры - 4,9%, - делінген хабарламада.
Адам үшін ең қымбат нәрсе – денсаулық. Сондықтан да дәрігерге уақытылы тексеріліп, қаралып қатерлі ісіктің алдын алуға әрекет еткен жөн.
Қатерлі ісік ауруын анықтаудың бір жолы – скринингтік тексеруден өту. Қазір сүт безі, жатыр мойны, тоқ ішек және тік ішек қатерлі ісігін ерте анықтау мақсатында скринингтік тексерулер жалғасуда.
2023 жылғы 5 қазанда ҚР Үкіметі онкологиялық аурулармен күресудің 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдаған. Осыған сәйкес, екпені егде жастағы қыздарға кезең-кезеңімен енгізу және 11 жастағы қыздарға адам папилломавирусына қарсы вакцинациялау енгізу жоспарлануда.
АПВ-ға қарсы вакцина – қауіпсіз және жанама әсерлер тудырмайды. Ол 100-ден астам елде жүзеге асырылуда.
Жатыр мойны обырының дамуының себебі – адам папилломавирусы екені бұрыннан белгілі. Бұл аурудың алдын алудың жалғыз және тиімді әдісі – вакцинация. Біздің елде егу науқаны 2024 жылдың екінші жартыжылдығынан басталады.