Жамбылда өндірілген «QazVac» вакцинасының 50 мың дозасы еліміздің барлық өңіріне жеткізілді
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегінің нәтижесінде Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері биыл былтырғыдан жоғары.
Бұл туралы жергілікті әкімдіктің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова айтып берді. Оның сөзіне қарағанда аймақта алғашқы жартыжылдықта экономикалық өсім 5,4 %-ды құраған. Сонымен қатар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, сауда, байланыс, салықтық түсім, жалақы, бюджет кірістері артыпты. Айталық өңірде 288,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 160,8 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 12,2 %-ға ұлғайған. Инфляция деңгейі 104,6 %-ға жетсе, жұмыссыздық 4,9 % деңгейінде.
Жамбыл облысында 2025 жылға дейін 2,9 трлн теңгені құрайтын 107 инвестициялық жоба іске асырылады. Биыл 519 млрд теңгеге 40 жоба жүзеге асатын болса, оның 16-сы ауыл шаруашылығына, 9-ы өңдеу өнеркәсібіне, 14-і балық шаруашылығына, 2-уі ЖЭК-ке, 1-уі туризм саласына тиесілі. Жыл басынан бері мұның 78,2 млрд теңгесі игеріліп, 12 жоба іске аса бастады. Аймақта баламалы электр қуатын өндіретін 17 жоба жұмыс істеуде. Жақында ғана «Тасөткел-2» күн электр станциясы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Жаңатас жел электр станциясының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, - деген басқарма басшысы өңірдегі жаңғыртылатын энергия көздерінің жалпы қуаттылығы 387,6 МВт екенін атап өтті.
Оның сөзіне қарағанда, «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 73,4 млрд теңге бөлініп, 172 жоба мақұлданған екен. Бүгінде жалпы құны 53,3 млрд теңге болатын 168 жоба несиелендірілген. Олар өнеркәсіптің 8 бағыты бойынша 39,4 %-ды, құрылыс-монтаж жұмыстарының 79,7 %-ын құрайды.
Жауапты маман Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту 2,4 есеге өскенін мәлімдеді. COVID-19 короновирустық инфекциясына қарсы вакцина әзірлейтін биофармацевтикалық зауыт ағымдағы жылы пайдалануға берілетін болады.
Бүгінде институт базасында өндірілген «QazVac» вакцинасының 50 мың дозасы «СК-Фармация» хабына жіберіліп, еліміздің барлық өңірлеріне жеткізіліпті.
Кәсіпкерлер санын ұлғайту және олардың бизнес жүргізуіне жағдай жасау мақсатында шағын несиеге 8 млрд теңге қаралып, 3,1 млрд теңгесі игерілді. «Еңбек» бағдарламасы аясында 591 кәсіпкерге 2,5 млрд теңге көлеміндегі қаражат шағын несие ретінде берілсе, 3,5 мың адам 2 млрд теңге қайтарымсыз грант алды. Жұмыспен қамтудың жол картасымен кәсіпкерлік бастамаларды іске асыруға 1,9 млрд теңге бөлінді. Ал «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы бойынша 982 кәсіпкердің несиесін ішінара кепілдендіруге 1,8 млрд теңге, 1 079 кәсіпкердің несиесінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 4,7 млрд теңге қаралды. «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» тетігі негізінде 14 кәсіпкерге инфрақұрылым жүргізуге 2,6 млрд теңге бөлінді, - деді Гүлдана Әлімжанқызы.
Осындай іргелі шаруалардың нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 70,5 мыңға жетіп, онда 127 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылған. Бұл аталған саланың көлемі 25,6 %-ға өскенін, жалпы жұмсалған қаржы 697 млрд теңгені құрағанын көрсетеді.
Жауынбекова соңғы уақытта ауыл шаруашылығының дамуында оң динамика қалыптасқанын да жеткізді. Әлемдік экономикалық дағдарыс пен пандемияны ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік өнімдерінің импортын алмастыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше назар аударылған. Жамбыл облысында бұл саланы дамытуға 19,1 млрд теңге субсидия қаралып, 13,8 млрд теңгесі игеріліпті. Мемлекеттік қолдаулардың арқасында өнім көлемі 77,2 млрд теңгені құрап, 4,3 %-ға артқан. Енді өнім көлемін 414 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына 34 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген.
2025 жылға дейін 350 млрд теңгені құрайтын 50 инвестициялық жоба іске асырылып, 3,6 мың жұмыс орны құрылады. Ірі жобалардың қатарында құны 93 млрд теңге болатын, 300 жұмыс орнын құрайтын «Qyzylsha» ЖШС бар. 49 млрд теңгелік «K-АГРО» холдингі де 300 адамның екі қолына бір күрек тауып береді. «Алель Агро» ЖШС құны 26,5 млрд теңге болса, аймақта 800 азамат жұмысқа орналасады. Биыл 18,3 млрд теңгеге 16 жобаны іске асыру жоспарланса, жыл басынан бері 4,1 млрд теңге игеріліп, 8 жоба бастау алды, - деді жауапты маман.
Ол өңірдегі егістік алқабының 768,5 мың гектарға жеткенін, былтырдан бері 47 мың гектарға артқанын айтты. Соңғы үш жылда 59,1 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, көлемі 179,8 мың гектарға ұлғайған. Су үнемдеу технологиясы 40 мың гектар жерге орнатылыпты. Мал азығын дайындау жұмыстары да қызу жүрізілуде. Биылға 1,7 млн тонна пішен дайындау жоспарланса, бүгінде 995,3 мың тоннасы әзір тұр. Өткен жылдан бері «Тасөткел» су қоймасы қалпына келтіріліп жатыр. Сондай-ақ қосымша 3 су қоймасын – «Ақмола», «Ырғайты», «Қалғұтыны» салу көзделуде.
Гүлдана Әлімжанқызының айтуынша, мал шаруашылығында 3 мың тонна ет экспортталған. Оның 2,7 мың тоннасы сиыр еті болса, 152,3 тоннасы қой, 161 тоннасы құс, 0,1 тоннасы жылқы еттері. Ауыл шаруашылығы техникасының 10 %-ы жаңартылған. Жамбыл облысында жыл басынан бері 186 тонна балық өсірілген, оның 56 тоннасы – форель балығы. Бұл саланың өнімі жыл соңында 1 мың тоннаға жетпек. Сонымен қатар 261 тонна бал өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 13 %-ға артыпты. Ал мұны 500 тоннаға жеткізу керек.
Биыл «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасына 1 млрд теңге қаржы бағытталды. Азық-түлік тауарларын сатып алуды тұрақтандыру және қамтамасыз ету мақсатында төрт сауда желілері анықталып, олар делдалдарсыз ферма, құс фабрикалары, жеке қосалқы шаруашылықтардың иелерімен жұмыс істеуде. Қазіргі таңда осы сауда желілері арқылы 5,8 мың тонна азық-түлік тауары мен 4 млн дана жұмыртқа сатылды. Бұл жұмыстың нәтижесінде, қайта өңдеуші кәсіпорындардың өндіріс жүктемесі 20-25 %-ға артып, азық-түлік тауарларының бағасы орташа есеппен 10-20 %-ға төмендетілді. Тағы да айта кетерлігі, өңірде 29 әлеуметтік павильон ашылды. Енді қосымша 12 павильон ашуымыз қажет, - деді Г.Жауынбекова.
Оның сөзіне қарағанда, аймақта тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Алғашқы жартыжылдықта 288,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, мұны жыл соңына дейін 651 мың шаршы метрге жеткізу көзделген. Ағымдағы жылы 4 482 пәтерлі 76 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, жыл соңында 2 902 пәтерлі 50 үйдің кілттері иелеріне тапсырылмақ. Әзірге Тараз қаласында 700 пәтерлі 13 үй елдің игілігіне берілген. Сондай-ақ «7-20-25», «Шаңырақ 5-10-20», «Бақытты отбасы» бағдарламалары аясында 993 отбасы 7,6 млрд теңгені жеңілдетілген несие арқылы пәтер алуға рәсімдепті. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға 13,2 мың салымшыдан өтініш түсіп, 16,8 млрд теңге 6 мың адамның арнайы шоттарына аударылған.
Биылдыққа автожолдарды жаңғыртуға 10,7 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 424,8 шақырым жолдар салынып, жөнделеді. Мұның нәтижесінде, қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесі 90 %-дан 93,3 %-ға, елді мекен көшелерінің үлесі 77,2 %-дан 79,2%-ға жетеді деп күтілуде. Тағы 12 ауылдық мекенге су құбыры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 82,2 %-дан 88,7 %-ға дейін артпақ. Өңірдегі ең маңызды мәселелердің бірі - газдандыру. Жылдың соңына дейін 20 елді мекендегі 16 мың адамды табиғи газбен қамтып, үлесін 83,8 %-ға жеткіземіз, - деді жауапты маман.
Мәселен, барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар аясында 21 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 10,5 мыңы тұрақты болса, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 30 мыңнан аса адам қамтылған. Бұл жылы 95,4 мың азаматқа әлеуметтік көмек көрсету жоспарланса, бүгінде 50,4 мыңына көрсетіліп үлгерген. Қазіргі таңда аймақта Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар 3,1 мың адамға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 3 мыңға, нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 847 жанға кеміпті. Жастар жұмыссыздығы 2,9 %-дан 2,6 %-ға түскен.
Кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен 1-6 жастағы 26,7 мың баланы қамту жоспарланып, 13 мың жеткіншекке көмек берілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 1 191 жұмыс орнын құратын 29 жобаны іске асыруға 9,5 млрд теңге бөлінді, оның 11-інде нақты жұмыстар басталып кетті. «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 67 ауылдық елді мекенде 8,8 млрд теңгеге 119 жоба іске асырылатын болады. Бұл 1 523 уақытша жұмыс орнын ашуға септеседі. Жамбыл облысында қазір орташа жалақы 22,8 %-ға, яғни 176,9 мың теңгеге, ал табыс 17,2 %-ға – 89,4 мың теңгеге өсті, - деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, өңірдегі білім жүйесін қаржыландыруға 218 млрд теңге қарастырылған. 3-6 жас аралығындағы балалар толық мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылған. 1-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 91,4 %-ға жетті. Жамбылдық жеткіншектердің 92,9 %-ына қосымша білім беріледі. Бұл салада жыл басынан бері 8,9 млрд теңгеге 23 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 1 апатты, 3 үш ауысымды, 2 орын тапшылығы бар, тозығы жеткен 2 мектептің мәселесі шешіледі екен. Тараз қаласында тұңғыш рет «Оқушылар сарайы» ашылмақ. Сонымен бірге 15 білім ошағы күрделі жөндеуден өтуде. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық 442 мектеп бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Жаңа оқу жылына дейін 60 мектепке дабыл түймесі, 14 мектепке турникет орнатылады екен. Тараз қаласындағы 60 мектеп жедел басқару орталығына қосылыпты.
Жамбыл облысында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің филиалы ашылды. «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында 4 үздік тәжірибе орталығы ірге қалады. Оның 2-уі Тараз қаласында болса, 2-уі Жамбыл, Меркі аудандарында. Мейірбике ісінде медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында инновациялық-әлеуметтік технологиялар қолданысқа енгізілді. Тұңғыш Президенттің «Қамқорлық қорының» бастамасымен өңірдегі Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанынан 120 төсек-орындық «Қамқорлық» оңалту орталығы пайдалануға берілді, - деп атап өтті Жауынбекова.
Жауапты маман жергілікті қазынадан медициналық мекемелердің материалдық базасын нығайтуға 2,6 млрд теңге бөлінгенін де мәлімдеді. Ол сомаға 2 эндобейнехирургиялық кешен, 3 УДЗ аппараты, 2 қарқынды терапияға арналған көліктік инкубатор, 10 жаңа туған нәрестелерге арналған ашық реанимациялық жүйе сатып алу жоспарланған екен. Қазіргі таңда аймақтағы денсаулық сақтау нысандарын материалдық техникамен жабдықтау деңгейі 85,1 %-ды құрайды. Жыл соңына дейін Жамбыл облыстық онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталып, ол игілікке жарамақ. Тағы қуанарлығы, биылдыққа қатерлі ісіктерден болатын аурушаңдық көрсеткіштері 15 %-ға, өлім-жітім 9,7 %-ға, туберкулез ауруларының деңгейі 4,6 %-ға, нашақорлық 35,6 %-ға төмендеген.
Өңірдегі спорт саласын дамытуға жалпы 9,3 млрд теңге қарастырылды. Бізде 2 704 спорт нысаны бар, 381 мың тұрғын спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылуы – 49,2 %. Жыл соңына дейін 51,2 %-ға жеткіземіз, яғни 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес спорттық және шығармашылық тапсырыспен 3 700 баланы қамтуға жергілікті бюджеттен 388 млн теңге бөлінді. 1 мыңнан аса спортшы түрлі дейгейдегі ұлттық құрама командасында жүр. Бұл Қазақстан құрама командасының 10,3 %-ын құрайды, - деді Гүлдана Әлімжанқызы.
Жамбылдық спортшылар Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарына 5 лицензия, XVI жазғы Паралимпиада ойындарына 4 лицензия ұтып алған екен. Ол туризмді дамыту мақсатында өңірлік бағдарлама қабылданғанын да еске салды. «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін қайта қалпына келтірілген. Жеке инвестиция есебінен «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Енді «Көксай» этно-тарихи кешенінің құрылысы жоспарланып отыр.
Жамбыл облысында мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, аймақтық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыру да игі үрдіске айналды. Солардың бірі - «Асарлатып үй салу» жобасы. Жоба аясында былтыр 99 мұқтаж отбасы ауылдастарының көмегімен баспаналы болса, биыл тағы 137 үйдің құрылысы басталып, 18-і пайдалануға берілді. Осылайша, 2,3 млрд теңгеге 236 үй салынатын болады. «Таразға тарту» жобасымен 42 нысанда абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде табысты түлектердің демеушілігімен 3 STEAM зертханасы ашылып, 3 спорт кешені салынған. Тағы осындай 4 кешеннің, 6 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарлануда. Жалпы, түлектер тарапынан 2,8 млрд теңгеге 73 елді мекенде жобалар жүзеге асуда, - деді спикер.
Жауынбекованың айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоғамдық көлікке электронды билеттеу жүйесі енгізіліп, қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесінің транзакциясы 97,2 %-ға жеткен. Тараз қаласында 53 тұрақты жұмыс орны құрылған. «Jambyl 109» қызметімен өңірдің барлық аудандары қамтылыпты. Бұл қызмет Facebook, Instagram, What'sApp және Telegram bot әлеуметтік желілері арқылы және «AIKEY 109» мобильді қосымшасымен де қабылданады екен. Жыл басынан бері 108 мың өтініш өңделген. Ал өңірлік геоақпараттық жүйесі аясында 11 мемлекеттік қызмет геопорталға енгізілді. «Сергек» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы, «112» Бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметі енгізілуде. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 93 %-ы автоматтандырылған.