Жамбылда көлік басқару құқығы жоқ таксист ұсталды
Жамбыл облысы ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері патрульдеу кезінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 476-шақырымында жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін Түркістан облысының 21 жастағы тұрғынын ұстады. Оның басқаруында Toyota Alphard автокөлігі болған, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Автокөліктің салонында 6 жолаушы болған.
Тексеру барысында жүргізушінің жекеменшік көлігімен тасымалдаумен айналысуға құқығы жоқ екендігі анықталды. Бұл көліктің жүргізушісі мамандандырылған әкімшілік соттың 2023 жылғы қаңтардағы шешімімен қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 6 айға көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігі (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Осы баптың санкциясына сәйкес, бұл бұзушылық 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он тәулікке әкімшілік қамаққа алуға алып келіп соғады. Жиналған материалдар әкімшілік сотқа жіберілді. Көлік айыптұраққа қойылды.
Ағымдағы жылғы 4 айда патрульдік полиция батальондарының қызметкерлері көлік құралын басқару құқығынан айырылған 23 жүргізушіні анықтады. Олардың барлығы қатаң жауапкершілікке тартылды.