Жамбылда көлік апатынан 12 жасар бала қаза тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында Volkswagen көлігі бетон бағанаға соқтығысып, 12 жасар бала қаза тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысының Байзақ ауданы аумағындағы жергілікті маңызы бар «Сарыкемер-Үшбұлақ» көлік жолында жол-көлік оқиғасы болды.

Volkswagen Passat маркалы автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, бетон бағанаға соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жолаушы жасөспірім зардап шекті, оқиға орнында 12 жасар бала қаза тапты, ал 11 жастағы бала түрлі дене жарақаттарымен Байзақ ауданының орталық ауруханасына жүгініп, ауруханаға жатқызылды.

Көлік апатынан кейін жүргізуші көлікті оқиға орнында қалдырып, белгісіз бағытқа қашып кеткен. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі және 347-бабы (Ауыр зардаптар туындаған жағдайда көлік құралын басқаратын және жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзған адамның жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Оқиғаның мән-жайы анықталуда, тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жүргізуші анықталып, оған бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешілуде. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес басқа деректер тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы