Жамбылда кәсіпкерлікпен айналысатындар саны артқан
Биыл Жамбыл облысында кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны 40 пайызға жуық артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, өңірде шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді.
Жыл басынан бері 4 ай ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 102,9 мың бірлікті құрап, 37,7%-ға артты. Жалпы, былтырдың қорытындысымен осы салада жұмыспен қамтылғандардың саны 151,9 мың адамға, яғни 22,6%-ға ұлғайды, - деп атап өтті өңір әкімі.
Сонымен қатар ол кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобаға тоқталды.
«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 198 жобаға, 10,7 млрд теңге несие берілді. Сондай-ақ ұлттық жоба аясында 1100 кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсету арқылы жұмыс жасайтын субъектілер санын 106 мыңға дейін арттыру жоспарда бар. Осылайша, жұмыспен қамтылғандардың саны 155 мыңға дейін ұлғаяды деп күтілуде. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 70,7 млрд теңгеге 190 жоба қаржыландырылды, - деді Нұржан Нұржігітов.