Жамбылда фельдшерді белгісіз біреулер атып кетті: айыпталушы жазаланды ма?
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Сарыкемер ауылында жедел жәрдем фельдшеріне оқ атылған оқиғаға қатысты тергеудің барысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы өңір басшысы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, оқиға 2025 жылдың 10 шілдесінде Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының қосалқы бекетінде болған. Белгісіз адам жұмыс орнында отырған фельдшерге оқ атқан. Бұл жағдай республикалық медиа кеңістікте кең талқыланды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды, іс сотқа жолданды. 2 қыркүйекте сот отырысы өтті, оның қорытындысы бойынша айыпталушыға үш жыл алты ай мерзімге шартты жаза тағайындалды, – деді Ербол Қарашөкеев.
Аймақ басшысы зардап шеккен медицина қызметкері ем қабылдап, қайта жұмысқа шыққанын атап өтті.
Медицина қызметкері оқиғадан кейін ем қабылдады. Қазір жағдайы жақсы, станцияда жұмысын жалғастырып жатыр, – деді әкім.
Сондай-ақ облыс басшысы медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі ерекше бақылауда болуы керегін айтып, бұл іс бойынша қосымша түсініктеме беру құқығы құқық қорғау органдарына тиесілі екенін жеткізді.
Еске салайық, Жамбыл облысының Байзақ ауданында даулы оқиға тіркелген еді. Медициналық жабдыққа байланысты туындаған жанжал оқ атуға ұласқан. Полиция департаментінің мәліметінше, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, ал түпкілікті процессуалдық шешім олардың нәтижесі бойынша қабылданады. Тергеу мүддесіне сай қосымша ақпарат жарияланбайды.