Жамбылда дизель отыны лимитпен сатылып жатыр – басқарма басшысы

Қазіргі таңда Жамбыл облысында 264 жанар-жағармай құю бекеті тұрғындарға қызмет көрсетеді, деп хабарлайды Жамбыл облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Аймақтағы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың мәліметінше, бүгінде АИ-92 маркалы жанармайдың орташа бағасы литріне 179 теңгеден пұлданып жатыр. Ал Үкімет белгілеген ең жоғары баға литріне 182 теңгеден аспауы тиіс.

АИ-95 маркалы бензиннің литрі - 209 теңгеден, дизель отынының литрі 450 теңгеден саудаланып жатыр. Алайда аймақ тұрғындары жеңіл автокөлікке тәулігіне 100 литрге дейін алатын болса, 230 теңгеден ұсынылады. Сол сияқты, автобустар мен жүк көліктері иелеріне 300 литрге дейін сол бағада сатылады. Қазіргі кезде Жамбылдағы мұнай базалары мен жағармай құю бекеттерінде АИ-92 маркалы өнімнің қоры 9,4 мың тонна болып тұр. 9-10 күн ге жететін бұл жанармайдың 6,7 мың тоннасы мұнай базаларында, 2,7 мың тоннасы бекеттерде, - деді спикер.

Негізі, аймаққа бір айға жететін жанармайдың жалпы көлемі 30 мың тонна шамасында,

Басқарма басшысының айтуынша, қазір өңірдегі дизельдің қоры 5 мың тоннадан асып жығылады. Бұл 4-5 күнге жетеді. Мұнай базаларында 3,9 мың тонна, жанармай құю стансаларында 1,3 мың тонна дизель тұр. Ал дизельдің бір айға тұтыну көлемі – 40 мыңдай тонна.

Дерек үшін айтайын, күзгі жиын-теріннің қызып тұрған шағы қазір. Жамбыл облысының аумағында дизель отынының бір тәуліктегі сатылым көлемі – 1 300 тонна, бұл дегеніңіз – 1 600 литр. Ал бензиннің тұтынымы 1 000 тоннаның айналасында болып тұр, ал бұл 1 300 литрдің шамасын құрайды. Тағы айта кетерлігі, мұнай зауыттарынан өңір тұрғындарының тұтынуы үшін 1 мың тонна жанармай мен 1,2 мың тонна дизельдік отын жіберілді. Жолда келе жатыр, - деп атап өтті Құдайберген Нұрсерікұлы.

Жалпы, биылдыққа Жамбыл облысының агро тауарларын өндірушілерге күзгі дала шаруаларын атқару үшін 10 725 тонна дизель отыны бөлінген. Мұның 5 655 тоннасы шілде-тамыз айларында келіп үлгерді. Ауыл шаруашылығы саласына бөлінген мұнай өнімдерін шаруаларға бөлу үшін 14 оператор анықталып, жұмыс істеп жатыр.

Біздің облыстың негізгі жеткізушісі шымкенттік «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС дизельдік отынның бір тәуліктегі ең жоғарғы жөнелтілімі 4 000 тоннаға жететінін, яғни 4 800 литр екенін хабарлаған. Мұнда алғашқы кезекте 1 500 тонна күзгі дала шаруаларына бөлінген, содан соң келесі кезеңнің 1 000 тоннасы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы арқылы, қалған 1 500 тонна ішкі нарыққа үлестірілмек. Дизель отынының бұл көлемі зауытқа жақын орын тепкен 5 облыстың – Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және 2 қаланың – Алматы мен Шымкенттің арасында таратылады, - деп түсіндірді әкімдіктің өкілі.

Ол облыстағы жанар-жағармай құю бекеттерінің иелері мұнай өнімдерінің қосымша көлемін тұрақты түрде жеткізіп отырғанымен, жеткізу жұмыстары барысында іркілістің де барын жасырмады. Бұл ретте кейбір жанармай құю стансаларының қожайындары келісім-шарттағы көрсетілген міндеттемелерін орындау мақсатында дизельдік отынды талонмен немесе «лимитпен» сатуға мәжбүр болуда.

Ал Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысы Алмат Абдрайхан өңірдегі бөлшек сауда барысында өткерілетін мұнай өнімдеріне шекті бағалар қосылған құн салығын қосқанда мынадай мөлшерде белгіленгенін алға тарты: АИ-80 маркалы жанармайдың бір литріне 89 теңге; АИ-92 мен АИ-93 маркаларындағы жанармай – 182 теңге; дизельдік отын жүргізушік куәлікті көрсетсе, бір тәулікте 100 литрге дейін әр литр үшін 230 теңге; жүк, арнайы, мамандандырылған көліктер мен автобустарға бір тәулікте 300 литрге дейін сол бағада.

Егер мұнайдің кез келген өнімін бөлшек сауда кезінде өткізудің шекті бағасынан асыру орын алған жағдайда, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 171-бабы 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік көзделген. Нақтылай айтқанда, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 100, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Мұндай әкімшілік құқық бұзушылық істерін қозғау табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органның, яғни, Табиғи монополияларды реттеу комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің құзыретіне жатады, - деді ол.

Ресми деректерге қарағанда, қазіргі уақытта аймақта мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізудің шекті бағасынан асыру фактілері орын алмаған. Сондай-ақ, әкімдіктің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының хатына сәйкес, азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтерге бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін арнайы құрылған жұмыс тобының құрамына аталған департамент мамандары да қосылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы