Жамбылда биылдыққа 6 881 ит пен 109 мысық ауланды
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында бруцеллез дертіне шалдыққан төрт түліктің саны былтырғымен салыстырғанда айтарлықтай азайды. Нақтылап жеткізсек, ірі қараның аурушаңдығы 12 %-ға – 326 бастан 286-ға кеміді.
Бұл жайында аймақтағы әкімдіктің ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев әңгімеледі. Ол қой-ешкінің індетке ілінуі 43 %-ға түскенін жеткізді, яғни былтыр 1 617 бас уақ мал ауырса, биыл 911 бас уақ мал бруцеллез болған. Осының әсерінен адамдар арасында да бруцеллез жұқтырғандар 23 пайызға – 127-ден 98 тұрғынға азайған.
Біздің ведомство облыс аумағында мал ауруларының алдын алып, адам мен жануарға ортақ аурулардан қорғайды және оларды диагностикалау бойынша ветеринариялық іс-шараларды ұйымдастырады. Тамақ өнімдері қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Өңірдегі қалалар мен аудандар аумағында 11 ветеринариялық станция, 160 ветеринариялық пункт бар десек, оларда барлығы 1 314 қызметкер еңбек етеді. Осынша мамандарымыздың атқарған ветеринариялық іс-шараларының нәтижесінде соңғы 3 жылда жануарлар арасында анықталған ауру ошақтары кеміп жатыр. Мұны арнайы жасалған мониторинг нәтижесінен көруге болады, - деп атап өтті Нұржас Нұржанұлы.
Тарқатып айтатын болсақ, 2019 жылы өңірде 22 ауру ошағы белгілі болса, 2020 жылы 11 ошақ бақылауға алынған. Сол сияқты, былтыр 6 ауру ошағы тіркелген. Анықталған ауру ошақтарына талаптарға сәйкес қажетті ветеринариялық іс-шаралар жүргізіліп, шектеу шаралары енгізілген.
Жыл басынан бері анықталған 6 ошақтың 3-еуі толықтай жойылды. Қалған 3 ауру ошағына қажетті ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар тағайындалып, заң талаптарына сай шектеу қойылды. Ағымдағы жылға бекітілген ауыл шаруашылығы жануарларының төлдерін бірдейлендіру жоспарына сәйкес, бүгінде 473 975 бас төл ) бірдейлендіріліп, ауыл шаруашылығы жүйесінің дерекқорына тіркелді. Мұның ішінде 77 951 бұзау, 387 526 қозы-лақ, 7 743 құлын, 303 бота бар, - деді спикер.
Ол ветеринариялық станциялар шаруашылық жүргізу құқындағы кәсіпорын болғанын еске салды. Осыған орай ақылы түрде қызмет көрсету көлемін жиілету мақсатында аудандарда ветеринариялық клиникалар мен дәріханалар ұйымдастырылып жатыр. Аймақтағы шалғайда орын тепкен елді мекендерде 139 ветеринария дәріханасы, 11 клиника тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Ол мекемелерде төрт түліктің жұқпалы санатына жатпайтын, инвазиялық және мемлекеттік тапсырыстар тізбесіне кірмеген ауру түрлерін емдеу, хирургиялық ем-шара тұрғысынан жәрдемдесу сынды қызмет түрлері көрсетіледі.
Облыста былтыр 2 ветстанция, 17 пункт пайдалануға ұсынылып, 10 ветстанция мен 124 пункт қызметтік ғимаратпен қамтылды. Тараз қаласы мен 6 ауданда иесіз жүрген қаңғыбас жануарларды – ит-мысықтар уақытша ұстау орнының, 8 ауданда «Беккер» шұңқырының жер телімдері нақтыланып, жобалық-сметалық құны дайындалды. Біздің мамандарымыз иесіз жүрген қаңғыбас жануарларды аулауда арнайы заң талаптарын басшылыққа алатынын айта кетейін. Сондай-ақ оны жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері, жеке және заңды тұлғалардың қала және аудандық ветеринариялық станциясына, «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметіне түскен жазбаша немесе ауызша өтініштері негізінде жүзеге асырылады. Жыл басынан бері 6 881 ит пен 109 мысық ауланды, - деді басқарма басшысы.
Нұржас Құрмантаев 2012-2013 жылдары өңірдегі ветеринариялық станциялар мен пункттер 166 қызметтік, 23 арнайы ДУК автокөліктерімен, 16 стационарлы, 5 жылжымалы биологиялық қалдықтар өртейтін инсинератор пештерімен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Қажеттілігіне қарай, ауылдық октугтерде жануарлардың өлекселерін залалсыздандыруға арналған 39 биотермиялық шұңқыр бар.
Облыс аумағындағы 189 Сібір жарасы ошақтары көмінділерінің барлығы талапқа сай бетондалып қоршалды. Оларға «Қауіпті аймақ» тақтасы ілінді және топографиялық картаға енгізілді. Бүгінде өңірде эпизоотиялық жағдай тұрақты, - деп атап өтті ол.