Жамбылда «Ақ жол» газетінің жүз жылдығы салтанатты жағдай аталып өтті

Жамбыл облысы баспасөзінің қара қарашаңырағы «Ақ жол» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне жүз жыл толды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жыл басынан танымдық, тағылымы мол шаралармен бастау алған мерейтой «Баласағұн» орталық концерт залында сән-салтанаты жарасқан рухани сазды кешке ұласты. Онда аймақ әкімі Нұржан Нұржігітов бастаған атқамінер азаматтар мен елге танымал зиялы қауым өкілдері, қазақ журналистикасының майталмандары ақжарма тілектерін жеткізіп, қаламы қарымды әріптестер марапатқа бөленді.

Өңір тарихының көзі тірі шежіресіне айналған аймақтағы бас басылымның қуанышымен құттықтауға еліміздің әр түкпірінен арнайы келген марғасқа қаламгерлер мен жамбылдықтардың қарасы қалың болды. Салтанатты шара ғасырлық тарихы бар газеттің ғибратты жолына арналған арнайы бейнефильмнен басталды. Ізін ала іргелі басылымда ісі қалған қаранар қайраткерлердің есімдері аталып, еңбектері сөз болды. 
Мазмұнды шараны облыс басшысы Нұржан Нұржігітов құттықтау сөзімен ашып берді.   

«Бұл мереке тек «Ақ жол» газетінің ғана емес, қазақ баспасөзінің мерекесі деп айтуға болады. Жүз жылдық тарихы бар басылымның мерейтойы қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаның тоқсан жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Кезінде Шерағаның өзі осы берекелі ұжымға ақ батасын берген еді. Шераға: «Бүгінде «Ақ жолды» өңірімізде ғана емес, республикадағы ең айбынды, халыққа қадірлі басылым деп білеміз. Лайым сол абырой аласармасын. Қаламгерлерді де, оқырмандарды да қасиетті ата-бабаларымыздың аруағы желеп жебеп жүрсін» деген тілегін арнаған болатын. 

Шынында, газеттің мерейтойы – бір өңірдің ғана емес, қазақ баспасөзінің мерейлі белесі. «Ақ жол» газеті – еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі. Бұл басылымның ел өміріндегі тарихи рөлі зор. Басылым тұтас ұлттың тарихы мен тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу кезеңін талмай жазып, өткен жүз жылдықтың шежіресіне айналып отыр. Ұлттық мүдденің ұраншысына айналып, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға белсене атсалысты. Қандай заман, қандай кезең болса да баспасөз ұлттың үні, рухтың жыры болып қала беретіні анық. Басылым өзінің өткір де батыл мақалаларымен егемен елдің еңсесін тіктеді. Бүгінде уақыт талабына сай бұл газет жаңаша түрленіп, заман ағымына сай дамып келеді. Яғни ғасырлық тұғырын толайым табыстармен, жарқын жетістіктермен қарсы алуда. «Ақ жол» газетінің «Үркер – 2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз атануы осы сөзімнің анық дәлелі. Республика бойынша ең үздік газет атанып, талай жылдардан бергі адал еңбегінің жемісін көрді. Әділ бағасын алды. Осы газетті жиырма жылдан астам уақыт басқарған Баттал Жаңабайұлы ағамыздың ортамызда жүруі біз үшін үлкен бақыт. Шоқтығы биік бас редакторлар, жүздеген қаламгерлерге ұстаз болған марқұм ағаларымыз Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулеттің де өнегелі ізі, елеулі еңбектері қалды. Жүз жасаған Жамбыл бабамыздың есімімен аталатын облыстың бүкіл тарихы осы басылымның беттерінде сайрап жатыр. Әулиеата өңірінің өткен өмірін осы газеттің беттерінен табуға болады. Басылымның тарихы бүгін де жемісті жалғасын тауып келеді. Әрбір оқырман мұндағы ақпараттың шынайылығына, көтерген тақырыбының маңыздылығына сенеді. Өйткені «Ақ жол»-дың басты мақсаты – тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел ішіндегі бірлікті, ынтымақты нығайтуға қызмет ету. Басылым билік пен бұқараның арасында алтын көпір болып, халықтың мұңын жоқтаудан танбасын. Барлықтарыңызға шығармашылық табыс тілеймін,- деді облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы.

Сөз соңында өңір басшысы ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлына «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын табыстап, «Ақ жол» газетінің қызметкерлері Шәрбану Даниярова, Есен Өтеулиев және Сәндібек Піреновті облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар басылымның 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ақ жол» газеті: Қазақ баспасөзінің бүгіні мен ертеңі» атты республикалық байқаудың жүлдегерлері Олжас Сәндібек, Асхат Райқұл, Ақмарал Шағатай, Ақтоты Жаңабай және Марат Диханбайға Сыдық Абланов, Жайық Бектұров, Ғайса Сармурзин, Кемел Тоқаев, Арғынбай Бекбосын атындағы облыс әкімінің бес арнайы жүлдесін салтанатты түрде табыс етті. 

Ал «Әкем марқұм «Еңбек туының» кейбір нөмірлері болмай қалса қатты алаңдап қалатын. Біз ол кезде баламыз. Әкем шалғайдағы тұрғындар осы газеттің әр нөмірін түгендеп отыратынын, қызығушылығының үлкен екенін үнемі айтып отыратын. Сол газеттің жүз жылдық мерейтойына келудің өзі маған мәртебе. Шығармашылық ұжымға үлкен алғыс айтамын» деп естелігімен бөліскен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев мерейлі басылымның қос қызметкері Оразкүл Әбдікәрімова мен Шынар Сағиеваны Сенат төрағасының Алғыс хатымен марапаттады. 

Шара барысында ЛЭД экраннан газетті жиырма жыл басқарған Баттал Жаңабайұлы, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин, ел Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Күләш Ахметованың лебіздері айтылды. Мұнан соң Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мейрамбек Төлепберген, Жанарбек Әшімжан мен Гүлдара Нұрымова сөз тізгіндеп, тарихи басылымның кемел келешегіне тілеулестік білдірді. 

Мейрамбек Төлепберген: «Қазақтың ұлы перзенті Шерағаның 90 жылдық тойымен ұштасып жатқан бұл мәдени шара бәріміз үшін ерекше тарихи оқиға. Жамбыл жері, Тараз төрі қазақтың кең байтақ даласындағы ең мықты, ең құнарлы, ең әулиелі жері. Осы өңірде қызмет ету әр адам үшін бір бақыт, бір арман деп санаймын. Осы өңірдегі бас басылымның тарихы мүлде бөлек. Бұл редакцияда кешегі алаш идеяларын насихаттаған аға, апаларымыз жұмыс істеген. «Ақ жол» шын мәнінде таланттардың ұстаханасы. Қазақ журналистикасына үлкен олжа салған басылымдар қатарында «Ақ жол»-дың үлесі зор. Қазақстанның Парламентінің тарихында өңірлерде қызмет етіп жүріп, оның үстінде журналист бола жүріп екі мәрте жоғарғы кеңеске, парламент мәжілісіне депутат болып сайланған осы жамбылдық бас редактор Арғынбай Бекбосынов болатын. Сондықтан саясатта да, қоғамда да, өмірде де айрықша жұлдыздай болып жарқыраған газеттің ұжымына барлық уақытта алғыс айтамыз», десе, Жанарбек Әшімжан: «Тәуелсіздікті жақындатқан да осы қаламгер қауым. Қазір ақпараттық кеңістіктің сүйкімі кеткен заман. Блогер дейтін, көрінген такси жүргізушісі де, аула сыпырушысы да журналистің кәсібіне араласқан заман. Ал шын мәнінде ақ адал, жанкешті еңбек етіп жатқан осы «Ақ жолда», сол секілді дәстүрлі басылымда еңбек етіп жүрген біздің кәсіби журналистер. Солар ғана шынайы  деректі халыққа жеткізеді. Қызыл аяқ қыр кешіп, жалаңаяқ жар кешіп, шіліңгір шілдеде, қақаған қаңтарда журналистер түнде ұйқы көрмей, күндіз күлкі көрмей бала-шағасынан алыста жүріп өте ауыр еңбектер атқарады. Оның еңбегі бірде өтеледі, бірде өтелмейді. Сондай кезеңде өтіп жатқан ғасырлық той өте үлкен тарихи күн. Сондықтан нағыз журналистердің мерейтойы құтты болсын» деп Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының Алғыс хатымен мерейлі басылымның қызметкерлері Есет Досалы мен Динара Балаеваны марапаттады. 

Республикалық «Егемен Қазақстан» газеті» АҚ басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы: «Мерейлі сәтте халықтың көзі, құлағы, тілі болып жүрген журналистерге үлкен рахмет айтамын. Қазақ хандығы осы Жамбыл жерінде құрылғанын білесіздер. Дәстүр мен діннің ұйқасқан, үйлескен мекені де осы жерден басталады. Атлах шайқасы тарихқа таңбаланған, маңдайымызды Құранға қойған жеріміз. Бұл да сіздердің белестеріңіз, мерейлеріңіз. Әрбір тарихтың таңбалары сол кездің баспасөзі болды. Жүз жылдың арғы жағындағы тарихтың бәрі балбал тастарда, санамызда, жырларда, халықтың көмейінде тұр. Газет бізді аса қиын кездерде де біріктірген. Әлі де талай жақсылыққа жетелейді» десе, «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәли: «Осы Жамбыл өңірінде қызмет жасағандықтан, барлықтарыңыз ыстықсыздар. Қайда жүрсек те Таразды ұмытпаймыз. Облыстық ішкі саясатта қызметте жүргенде жергілікті басылымдармен тығыз байланыста болдық. Жүзден асқан басылымдар біздің елде өте аз. Соның бірегейі де осы біздің «Ақ жол» газеті. Өйткені газеттің іргетасын ардақты алаш зиялылары қалап кетті. Алаштың ұраны ақ жол екенін білесіздер, сондықтан да басылымды ел ұраны деп айтуға толықтай негіз бар» деп ақжарма тілегін айтты. 

Сөз соңында «Ақпарат» саласының үздігі наградасы мен Құрмет грамотасын басылымның ардагері Махамбетәлі Дүйсебаевқа, «Ақ жол» газеті бас редакторының орынбасары Фариза Әбдікерімоваға, облыстық «Ар-Ай» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбекке табыстады. Ән мен жырға, би мен күйге өрілген ғасырлық мерейтойды «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Оралхан Дәуіт қорытындылады.

Ең алдымен біздің қуанышымызды бөлісіп келіп отырғандарыңызға үлкен алғысымды айтамын. «Ақ жол»-дың тойы жылдың басынан басталып кетті. Мерейтой тек ас ішіп, аяқ босатумен шектелмесін деп біз жылдың басынан өскелең ұрпаққа өнеге боларлық іс-шаралармен ерекшеледік. Сол мақсатымыз орындалған сияқты. Және сол шараларға қолдау көрсеткен облыс басшылығына айтар алғысымыз зор. Қандай жағдай, қандай кезең болса да «Ақ жол» өзінің ақ жолынан тайған жоқ. Қазір де «Ақ жол» заманға сай болуға, оқырманның жүрегіне жол табуға барлық амалдарды қарастыруда. Алар асуы әлі алда, сіздерге «Ақ жол»-дың жасын берсін, жолдарыңыз ақ болсын,» Ақ жол»-мен бірге болыңыздар, - деді Оралхан Әбдірашұлы өз сөзінде. 

Салтанатты шара соңында қонақтарға ақ дастархан жайылып, ақ тілектер мен марапаттар легі жалғасын тапты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы