Жамбылда 7 мыңнан аса отбасыға құрбандық еті таратылды

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Құрбан айт мерекесі күндері Жамбыл облысындағы мешіттерде жамағат жиналып айт намазын оқымағанымен, мұсылмандардың атаулы күнге құрметі жоғары болды.

Дін қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, мешіттердің белсенділігі ерекше байқалып, имандылық үйлеріне жаны жомарт азаматтар көптеп демеушілік көрсеткен. Атап айтқанда, айттың бірінші күні облыс аумағынан орталық мешітке түскен мәлімет бойынша 114 ірі қара, 1 түйе, 1 867 қой, 14 ешкі құрбандыққа шалынған.

Аудандар бойынша тарқатсам, айттың алғашқы күні Қордай ауданы 1 түйе, 22 ірі қара сойып, қайырымдылық жасаудан көш бастады. Бұл күні Жамбыл ауданының мешіттерінде 19 ірі қара, Меркі ауданында –14, Т.Рысқұлов ауданында –12,Талас ауданында 11 ірі қара құрбандыққа сойылған. Байзақ ауданында – 358, Меркі ауданының мешіттерінде – 171, Жамбыл ауданында – 165, Қордай ауданында – 134, Тараз қаласында 100 қой құрбандыққа шалынды. Сойылған жануарлардың еттері мешіттерге алдын ала берілген мұқтаж жандардың тізімі бойынша көмекке зәру үйлерге таратылды, - деді Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің қызметкері Жалғас Жұбатқанов.

Құлшылық үйлерінде сойылған құрбандық малының есебінен Т.Рысқұлов ауданында – 885 отбасына, Жамбыл ауданында – 881, Тараз қаласында 840 отбасына қайырымдылық көрсетілген. Бұл күні өңірдегі 7 341 адам иманды азаматтардың шарапатын сезінген.

Ал Құрбан айт мерекесінің екінші күні облыс мешіттерінде 115 ірі қара, 2 түйе, 1 574 қой, 47 ешкі құрбандыққа сойылыпты. Құрбандыққа шалынған малдың еті бұл күні аймақтағы 7 245 отбасына үлестірілген. Байзақ, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Сарысу аудандары сауапты іс жасаудан алдыңғы қатардан көрінді.

Құрбан айт кезінде өздеріңіз байқағандай, осынша отбасына қайырымдылық жасалып, игі амалдар жүзеге асты. Белсенді, қаржылы азаматтардың қарапайым тұрғындарға көмек беруге құштарлық танытуы – өте сауапты іс. Алла Құрбан шалған, мұқтаж дандарға көмектескен кісілерге разы болып, олардың несібесін арттырсын. Елдің бірлігі, жанашыр азаматтардың жомарттығы азаймасын. Халықтың ынтымағы мен шүкіршілігі арта берсін, - дейді Жалғас Жұбатқанов.

Қасиетті Құрбан айт күндерінде өзге де игі істерге ұмтылушылар аз болған жоқ. Мәселен, Тараз қалалық "Кеңесхан қажы" мешітінің бас имамы Амантай Садиев бастаған дін қызметкерлері екі күн бойы Төле би, Қазбек би, Әйтеке би көшелерінің бойында орналасқан үйлерге "Құрбан айттарыңыз қабыл болсын!" деген жазуы бар шарлар және балаларға арналған 150 дана бетперде таратты. Бұл бетперделердің ерекшелігі сол, сыртында көңілді смайликтер бейнеленген.

Сондай-ақ, "Кеңесхан қажы" мешітінің атынан көмекке мұқтаж, көп балалы 150 отбасына азық-түлік пакеттері таратылыпты. Осы қайырымдылық іс-шараларына демеушілер 200 мың теңге көлемінде қолдау білдірген.

Биылғы Құрбан айт өзгеше жағдайда өтіп отыр. Каантин талаптарына сай мешіттердің есігі жабық. Тұрғындарға еркін қыдырып, айттауға да рұқсат берілмеді. Қаншама бала көпқабатты үйлерде тәртіпке бағынып отырғаны белгілі. Сондай балаларға қызықты әсер, көңілді көрініс сыйлағымыз келді. Жазуы бар қызылды-жасылды шарлар бүлдіршіндерді қуантса, жоғары сынып оқушылары смайлигі бар бетпердеге көңілдері толды деп ойлаймыз. Ал 150 үйге таратылған қайырымдылық пакеттеріне де алғыс айтушылар аз болмады. Біз бұл қайырымдылықтарды қолы ашық, жомарт демеушілердің қолдауымен жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да қайырымдылық жұмыстар жалғаса беретін болады, - дейді Тараз қалалық "Кеңесхан қажы" мешітінің бас имамы Амантай Садиев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы